Семей соты жергілікті блогерлер Офелия Гусейнова мен Айдос Серікқалиұлын "көрінеу жалған ақпарат таратқан" деген айыппен жауапқа тартты. Сот үкімі 29 маусымда шыққан. Блогерлер Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовті сынағаны үшін қудаланғанын айтады. 8 маусымға дейін Семей қаласы ШҚО құрамында болған.
Прокурор судьядан Гусейнованы үш жылға, ал Серікқалиұлын төрт жылға бостандығынан айыруды сұраған. Сот Гусейнованың бостандығын бір жылға, Серікқалиұлыныкін – екі жылға шектеу туралы үкім шығарған. Судья амнистияны есепке алып, екеуінің де жаза мерзімін тең жартысына азайтқан.
Офелия Гусейнова сот үкімімен келіспейді.
– Кінәсіз екенімізге көп дәлел ұсындық, бірақ сот оны ескермеді. Бұл іс Шығыс Қазақстан облысы әкімімен тікелей байланысты деп санаймыз, өйткені мұның бәрі быр жылдан астам бұрын, жергілікті кәсіпкерлер президентке Даниал Ахметовты отставкаға жіберуді талап етіп үндеу жасаған кезде басталды. Ал мен сол оқиғалар туралы жаздым. Содан кейін қылмыстық қудалау басталды. Біздің кінәміз жоқ деп санадық және солай санаймыз да, – деді Гусейнова.
Семей қаласының №2 соты Офелия Гусейнова мен Айдос Серікқалиұлы "Instagram, YouTube әлеуметтік желілеріндегі интернет-парақшаларда хабар таратқан" деп мәлімдеді.
Семейдің №2 соты баспасөз қызметінің "Бұған қоса азамат С. көрінеу жалған ақпаратпен, ЖШС іскерлік беделіне нұқсан келтіретін видеороликтермен қамтамасыз еткен, ал азамат Г. мәтін жазып, жариялым дизайнын жасап, Instagram әлеуметтік желісіндегі парақтарға (паблик) жариялаған. Сот қорытындысы бойынша, көрінеу жалған ақпарат тарату салдарынан жоғарыда аталған ұйымға 456 045 394 теңгенің зияны келген" деген хабарламасын ҚазТАГ агенттігі жариялады.
Сот ақпаратында аталған "Фирма Азия" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі блогерлердің үстінен арыз беріп, сотқа жүгінген. Жергілікті депутаттың әйелінің иелігіндегі осы компанияның жұмысы туралы 2021 жылы "Шокирующая Азия" деген фильм шыққан, онда ШҚО әкімі Даниал Ахметовті сынап-мінейді. Офелия Гусейнова мен Айдос Серікқалиұлы осы фильмге қатысы бар деген күдікке ілінген. "Фирма Азия" компаниясының талабы бойынша, екі блогердің үйін тінтіген. Кейін баспасөз құқығын қорғайтын "Әділ сөз" қоры Даниал Ахметов атышулы фильмді жариялаған БАҚ-ты сотқа беремін деп қорқытқан деп хабарлады.
Құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстегі "Көрінеу жалған ақпарат тарату" деп аталатын 274-бапты сынайды. Қазақстандық адам құқын қорғау жөніндегі бюроның жетекшісі Евгений Жовтис егер ұйым, адам немесе мемлекетке ауыр зиян келмесе, онда айыпкер пікірін бідіргені үшін қылмыстық заң бойынша жауапкершілікке тартылмауы керек деп санайды.
– Бәзбіреу әлдебір кәсіпорын туралы жалған ақпарат таратты делік. Сол кәсіпорынның әлгі адамға бұл ақпараты шындыққа жанаспайтыны туралы қарсылығын жазуға не кедергі? Ақыр соңында сотқа жүгініп, ол адамнан моральдық зиян шеккені үшін өтем өндіріп алуына ешкім бөгет болмайды ғой. Яғни бұл азаматтық-құқықтық қатынас аясындағы іс болуы керек. Бұл сол адамның басқа біреумен, заңды я жеке тұлғамен, тіпті мемлекетпен өзара қатынасы, ол қылмыс деп қарастырылмауы керек, – дейді Жовтис.
Бұған қоса ол сот осындай іс бойынша шешім шығарған кезде ол іс-әрекетті сөз бостандығы тұрғысынан қарастырып, таразыға салуы керек деп есептейді. Адам ниеті ақ бола тұра қателесіп, адасуы мүмкін дейді ол. Жовтистің пікірінше, егер адам жалған ақпаратты қасақана таратып, оның аяғы ауыр салдарға апарып соққан жағдайда ғана оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Басқа жағдайлардың барлығында, соның ішінде, жала жабу, қорлау, ар-намысқа тию сияқты іс-әрекеттер қылмыс емес, азаматтық-құқықтық қатынас аясында қарастырылуы тиіс дейді құқық қорғаушы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Әділ сөз": Даниал Ахметов журналистерді сотпен қорқытып отыр"Таза ауа үшін күрестік". Бестөбелік экобелсенділерге сот үкімі шықтыАтырау облысы әкімінің орынбасары "Ақжайық" басылымы үстінен полицияға түсірген арызын қайтып алды Жамбылдағы жарылысқа байланысты "жалған ақпарат" бойынша қозғалған іс тоқтатыладыАлматы полициясы сатиралық паблик жетекшісінің үйін тінтіп, өзін департаментке алып кетті