Шыңжаң қазағы Ерсін Еркінұлының Германияда қамалғанын неміс полициясы растады. Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінен қашып, Еуроодаққа ұмтылған, былтыр бірнеше ай Украинада қамауда болып, биыл соғыс басталғаннан кейін Еуроодақ аумағына өткен Қытай қазағы Ерсін Еркінұлы шілде басында Германияда қамауда отырғанын хабарлаған. Ол өзін Қытайға депортациялауы мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан болатын.
Германияның Кемптон қаласы полициясының өкілі 13 шілдеде Азаттықтың Қазақ қызметіне Ерсін Еркінұлының қамалғанын растады, алайда қамалған азамат туралы көп мәлімет бермеді. "Ол үшін Ерсін Еркінұлының өзі туралы мәлімет таратуға келіскені жайлы хаты болуы тиіс" деді Германияның құқық қорғау органдары.
Полиция өкілінің сөзіне қарағанда, "жалпы практика бойынша, егер елден шығару туралы шешім шықса, ол азамат Еуроодақтың қай еліне бірінші болып кірсе, төрт апта ішінде сол елге депортацияланады". Азаттық наурыз айында Еркінұлының Украинадан Польшаға өткенін жазған.
Сәрсенбі күні Азаттық неміс полициясынан "Ерсін Еркінұлы Қытайға депортациялануы мүмкін бе?" деп сұраған.
"Егер қашқынның өміріне өз елінде қауіп төніп тұрса, Германия ешқашан оны отанына қайтармайды" деп жауап берді полиция өкілі.
Осыған дейін, 2 шілде күні Азаттық тілшісіне WhatsApp желісі арқылы байланысқа шыққан Ерсін Еркінұлы Германияда "шекарадан заңсыз кірді" деген айыппен түрмеде отырғанын, Қытайға депортациялау қаупі төніп тұрғанын айтып алаңдаған еді.
"Мен Францияға бір барып қайтқанмын. Қайтар жолда шекара сақшылары ұстап, шекарадан заңсыз кесіп өттің деп айыптады. Сот мені түрмеге жапты. Тез болғанда келесі апта, ең жәй болғанда 26 шілдеге дейін сені еліңе қайтарамыз деп ашық айтты" деген еді Ерсін Еркінұлы Азаттыққа.
Бірнеше минутқа созылған сөзінде Ерсін Еркінұлы нақты қашан және қай жерде ұсталғанын, қазір Германияның қай қаласында отырғанын айтып үлгермеген. Өзінің айтуынша, түрмеде оның күн сайын екі сағат телефон қолдануына мүмкіндігі бар. Ол Еуропаның бірқатар мемлекеттерінен босқын мәртебесін сұрағанмен өтініші қабылданбаған (Бұл ақпаратты Азаттық өзге дереккөздерден тексере алмады).
- Осыған дейін келіп түскен ақпарат бойынша, Қазақстаннан азаматтық ала алмай, Түркияға онан әрі Еуропаға өтіп, Киевтің Борисполь әуежайына келгенде құжаттарын жоғалтып алған Еркінұлын украин шекарашылары 2020 жылы қазанның соңында Львов облысында "шекараны заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін" ұстаған. Кейін Украина оған пана іздеуші тұлға куәлігін берді.
- Украинада қытайлық төлқұжатын жоғалтып алғанын мәлімдеген Еркінұлы осыған дейін өзін Қытайға депортацияласа, түрмеге қамап, азаптайтынын айтқан.
- Кейінгі жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын ұйғыр, қазақ және өзге де байырғы ұлт өкілдері (негізінен мұсылмандар) биліктің қысымы мен қудалауы күшейгенін айтып, кейбірі өзге елдерге қашты.
- БҰҰ, АҚШ пен өзге де батыс елдері Қытай билігі арнайы "лагерьлерде" миллионға жуық аз ұлт өкілдерін мәжбүрлеп, еркінен тыс ұстап отыр деп мәлімдеген. Пекин ондай айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, лагерьлерді "экстремизммен күресетін орталықтар" және "кәсіп үйрететін" мекемелер деп атаған.