6 шілдеде Алматыда бір топ саясаткер, қоғам белсендісі және қала тұрғындары Республика алаңына барып, Қаңтар қырғынын еске алып, құрбандарға құран бағыштады. Шара барысында қаладағы Назарбаев көшесін Қаңтар деп атау ұсынылып, қайғылы оқиғаға арналған ескерткіш макет те таныстырылды.
Қаңтар оқиғасына арналған ескерткіш жобасын таныстырған саясаткер Болат Әбіловтің түсіндіруінше, ескерткіштің қақ ортасында ту ұстап тұрған – Берік Әбішев, ал жанындағы адамдар оқиға кезінде қаза болған балаларды бейнелейді. Оның ар жағында 6 қаңтарда кешке Республика алаңына шыққан "Қарапайым халықпыз, террорист емеспiз" деп ұзын баннерге жазып алған халық тұр. Тақтатасқа қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың тізімі жазылмақ.
"Террористердің аты-жөнін ғана алып тастау керек. Бірақ қаза болғандардың 90 пайызы – қарапайым адамдар" деді Әбілов. Оның сөзіне қарағанда, ескерткішті қаржыландыруға дайын азаматтар да бар.
– Мынау қанды алаңға айналды. Соны ұмытпауымыз керек. Билік бұған қарсы болатын шығар, кедергі келтіретін шығар. Бірақ біз оны қалай да орнатуымыз керек, – деді Қаңтар оқиғасына арналған ескерткіш жобаны меңзеген қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.
Еске алу шарасында кезінде Болат Әбілов қазір экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталатын қаладағы орталық көшені Қаңтар деп атауды ұсынды.
Шараны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды, алайда өтуіне кедергі келтірген жоқ.
- Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға қантөгіске ұласты. Билік 5 қаңтарға дейінгі жағдайды наразылық деп атап, 5 қаңтардан кейінгі оқиғаны "бандиттердің ісі" әрі "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деді.
- Қаңтар оқиғасында, ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапты. Бас прокуратураның мәліметінше, Қаңтар қырғыны бойынша бес мыңнан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр. Билік тергеу құпиясына сілтеп қаңтардағы оқиғада қаза болғандардың тізімін әлі жариялаған жоқ, "мемлекеттік төңкерісті" кімдер жасамақ болғанын да айтпады.
- Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды Қаңтар қырғынын жан-жақты, ашық зерттеуге үндеген. Қазақстан билігі қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту ұсынысынан бас тартқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қаңтар оқиғасына жарты жыл: Тергеу неге баяу? Омбудсмен Қаңтар оқиғасында алты адам азаптаудан көз жұмды дейді. Бұрын сегіз адам жайлы айтқан"Полиция ұстап әкеткен еді". Қаңтар қырғынында жоғалғандар 6 айдан бері табылмады "Қаңтарда қаза тапқандар тізімі дайын" деген прокуратура марқұмдардың есімін жариялауға асығар емесҚаңтар оқиғасында қаза болғандар