БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет және АҚШ Ташкентті кемінде 18 адамның өмірін қиған Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге үндеді.
"Күш жұмсау жайлы ақпарат алаңдатады. Наразылық кезінде адам өлімі де болған. Билікті дереу ашық әрі тәуелсіз тергеу бастауға шақырамын. Мемлекет өкілі тарабынан жасалған заңсыздықтар да жан-жақты тергелуі тиіс" деп жазылған Бачелет атынан таратылған 5 шілде күнгі мәлімдемеде.
АҚШ та оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, тараптарды "бейбіт келісімге" шақырды, күш қолданудан аулақ болуға үндеді.
"Билікті халықаралық норманы сақтай отырып, толық, сенуге лайықты, ашық тергеу жүргізуге үндейміз" деді АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс 5 шілде күнгі мәлімдемесінде.
Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық танытқан.
Наразылық күшпен басып-жаншылды. Өзбекстан құрамындағы автономды республикада төтенше жағдай жарияланды. Республикаға қосымша ұлттық гвардия күштері кіргізіліп, мобильді байланыс пен интернет өшірілді.
4 шілдеде Өзбекстан билігі 18 адам қаза болғанын, 516 адамның ұсталғанын хабарлады. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау орган өкілі. Сол күні Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
4 шілдеде Еуроодақ Өзбекстанды "Қарақалпақстандағы күш көрсету оқиғаларын ашық әрі тәуелсіз зерттеуге" үндеді.
5 шілдеде халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы өзбек билігінен Нөкісте болған оқиғалардың жай-жапсарын жасырмай хабарлап, наразыларға күш қолдану фактілерін ашық, тәуелсіз, жан-жақты тергеуді, кінәлілерді әділ жазалауды талап еткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Көз алдымда кеудесі қақ бөлінді". Нөкістегі наразылық шеруі мен қантөгісті көрген адамның әңгімесіҚарақалпақстанда ұсталғандардың бір бөлігі наразылықтан кейін көрші облыстарға әкетілдіҚарақалпақстанның "егемен" мәртебесі өзгермейтін болды. Бірақ бұл мәселе неге қозғалды?Қарақалпақстандағы наразылық: Мирзияев Нөкісте адам шығыны болғанын мойындады, бірақ санын айтпадыӨзбекстан прокуратурасы: Қарақалпақстандағы наразылықтан 18 адам қаза болып, 243 адам жараланды