8 шілдеде Алматының мамандандырылған ауданаралық соты тіркелмеген "Демократиялық партияның" жетекшісі Жанболат Мамайдың қамау мерзімін бір айға, 12 тамызға дейін ұзартты. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің әйелі Инга Иманбай хабарлады.
– Олар "тергеу жұмыстары біткен жоқ. Іс өте күрделі. Мыңнан аса сараптама белгіленген. Сол сараптамалар әлі біткен жоқ. Онымен Жанболат таныстырылған жоқ" дейді. Жанболатты қамауда ұстауға қаншалықты негіз бар? Ол үйде де іс материалдарымен таныса бермей ме деп сұрасақ, ешқандай түсініктеме бермейді, – деді Инга Иманбай.
Оның айтуынша, жұма күні сот барысы кезінде прокурордың сұрауы бойынша судья "бұл істегі айтылмайтын заттар сыртқа шығып кетуі мүмкін" деген желеумен журналистерді процестен шығарып жіберген. Осылайша сот жабық өткен.
Тергеу соты әзірге түсініктеме бермеді.
Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, 34 жастағы Жанболат Мамай биылғы 26 ақпаннан бері қамауда жатыр. Белсендінің жақтастары бұл істердің саяси астары бар деп санайды.
Қамауға дейін Мамай Қылмыстық кодекстің екі бабы: "Билік өкілін қорлау" (378-бап) және "Жалған ақпарат тарату" (274-баптың 2-тармағы) баптары бойынша айыпталып, күдікті ретінде тергеліп келген. Қамалған соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты тағы екі бап бойынша айып тағылған. Ол "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" (272-баптың 1-тармағы) және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" (274-баптың 4-тармағы) деген күдікке ілінді.
Айыпты деп танылса Жанболат Мамай 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрып, тіркеуге тырысқанын, бірақ билік кедергі келтіргенін айтқан.