АҚШ Украина аумағында украиндарды ұстап, күшпен Ресейге депортациялайтын 18 ресейлік "тазалау" лагерін анықтады. Бұл жөнінде АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы миссия өкілі Кортни Острианға сүйенген The New York Times басылымы жазды.
Острианның сөзіне қарағанда, Ресей мұндай лагерьлерді 24 ақпанға дейін Украина мен Ресей жағында әзірлей бастаған.
Венадағы ЕҚЫҰ кездесуі кезінде Остриан "тазалау" лагерьлері Украинаның шығысы мен оңтүстік-шығысындағы мектептер мен спорт орталықтары, мәдениет мекемелерінде орналасқанын айтты. Қазір бұл аумақ Ресей бақылауында. Оның сөзіне қарағанда, Ресей билігі украин халқын соғыс басталмай жатып "тазалауға" тырысқан.
"Ресейдің ресми тұлғалары Украинаға бақылау орнатуға кедергі келтіретін украин азаматтарын ұстап, "тазалаудан" өткізу үшін тізім құрастырған болуы мүмкін. Тізімде украиншыл азаматтар – саяси тұлғалар мен белсенділер, қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері де бар" деді Остриан.
Ол "тазалау" лагерьлерін Сталин кезеңіндегі қуғын-сүргінмен салыстырып, оны "Ресей тарихындағы ұзаққа созылған жаппай депортация мен халықтарды жоюдың үлгісі" деп атады.
Украина үкіметінің дерегіне сүйенген Остриан соғыс кезінде Украинадан Ресейге шамамен 1,6 млн тұрғын күшпен көшірілгенін айтты. 250 мыңы – бала.
"Бұл деректерді тексеру мүмкін емес. Ашық тізім жоқ, адамдардың тағдыры жөнінде сұрайтын шұғыл желі де ұйымдастырылмаған, есеп беру жоқ" деді Остриан.
Осыған дейін халықаралық БАҚ Ресеймен шекарадағы "тазалау" лагерьлерінде болған куәгерлер туралы мақала басқан. Көбі дөрекі қарым-қатынас пен қоқан-лоқыға шағымданған. "Тазалау" процесі кезінде Украина билігін қолдады деп күдікке ілінген украин азаматтарының айтуынша, олар қызметінен қуылған, олардың әрі қарайғы тағдыры белгісіз. Куәгерлер сонымен бірге Ресей әскерінің құжаттарын тәркілеп, Ресей азаматтығын қабылдауды талап еткенін айтқан.