Ресей бас прокуратурасы тағы 23 сайтты бұғаттады

Ресей бас прокуратурасы жаңалық таратып, саяси мәселелер туралы жазатын 23 сайтты жапты. Арасында "Свободная Бурятия" қорының сайты, украиналық бірнеше жаңалықтар порталы, қыз-келіншектерге арналған L'Officiel журналы мен австриялық Kaleido IT-компаниясының сайты бар.

"Свободная Бурятия" қоры солдаттарға келісім-шартты бұзып, соғыстан оралуға көмектеседі. Жуырда қор басшылығы осы сайттың көмегімен шамамен 150 әскери қызметкер соғыстан оралды деп мәлімдеген. Ақпаратқа қарағанда, соғыстан бас тартқандарды жібермей тұрып бірнеше күн жабық жерде ұстап, қылмыстық іс қозғаймыз деп қоқан-лоқы жасаған.

"Роскомсвобода" жобасының мәліметінше, Украинада соғыс басталғалы бері бас прокуратура талабымен 5,4 мыңнан астам сайт бұғатталған. Жабылған ресурстар арасында тәуелсіз ақпарат құралдары, құқық қорғау, саяси партиялар, қоғам белсенділері мен саясатқа қатысы жоқ сайттар да бар. Азаттықтың Орыс және Белорус, Армян, Қырғыз қызметтерінің сайттары да бұғатталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс басталғалы Ресейде VPN қолданушылар 15 есе көбейген