Қаңтарда оққа ұшқан туыстарын ақтауды талап еткен азаматтарды Нұр-Сұлтан полициясы ұстап әкетті

Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан азаматтардың туыстары Ақордаға өтпек болған кезде полиция қызметкерлері оларды бөгеді. Нұр-Сұлтан, 13 шілде 2022жыл.

Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан туыстарын ақтауды талап етіп, Ақорда маңында бірнеше күн қонған азаматтарды полиция ұстап әкетті. Бұл жөнінде Азаттыққа наразылардың бірі Бақытжан Шыңғысбеков хабарлады.

"Жаңа бес минут бұрын полиция бәрімізді ұстап әкетті. Сарыарқа аудандық полиция басқармасына апара жатыр" деді ол 14 шілде түскі сағат 14:30 шамасында Азаттыққа. Айтуына қарағанда, автозакта кетіп барады.

Оның сөзіне қарағанда, ұстаудан бұрын дауыс ұлғайтқышпен наразыларға "шараның заңсыз" екені ескертілген. Бұдан соң оларды автозакқа отырғызған.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Азаттыққа "ұстаулар жайлы естімегенін, басшылыққа айтып, анықтап көретінін" жеткізді.

Бейсенбі күні Азаттық тілшілері оқиға орнына барған кезде Ақорда маңында полиция қызметкерлері қоршауларды жинап жатты. Бірақ олар "ештеңе көрмегенін" айтты. Бір күн бұрын олар осы қоршаулармен наразыларды Ақордаға өткізбей, жолын бөгеген еді.

14 шілдеде наразылардың бірінің жағдайы нашарлап, жедел жәрдеммен ауруханаға әкетілген. Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуі оққа ұшқан Алматы тұрғыны Әйгерім Ниязбаеваның айтуынша, 14 шілдеде ол Ақордаға қарай өтуге тырысқан кезде полиция қызметкерлері оны бөгеп, соның салдарынан темір шарбақ төрт айлық нәрестесінің аяғына тиіп, көгеріп қалған.

Ақорда маңында қонғанына үш күн болған 20 шақты наразы биліктен Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан туыстарын ақтауды, оқиғаны әділ тергеуді талап еткен. Олардың сөзіне қарағанда, тергеу органдары "еш дәлел көрсетпестен марқұм азаматтарға ауыр баптар тағып жатыр".

13 шілдеде президент әкімшілігінің өкілі оларды бір-бірден қабылдайтынын айтқан, алайда наразылар "бәрімізді бірге қабылдаңыздар, талабымыз ортақ" деп ұсынысқа келіспеген. Ал прокуратура өкілдері арыздарына 15 күн ішінде жауап беретінін айтқан.

Билік бұған дейін Қаңтар бойынша істердің "әділ тергеліп жатқанын" айтқан.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтып, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.
  • Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адам тергеу изоляторында көз жұмған. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.