АҚШ бұрын ресейлік Альфа-банктің Қазақстандағы бөлімшесі болған қаржы ұйымын санкциядан босатты.
24 ақпаннан бері ресейлік үш банктің Қазақстандағы бөлімшелері – "Сбербанк Қазақстан", "Альфа Банк" және "ВТБ Банк Қазақстан" санкция тізіміне ілініп, олардың қызметіне бірқатар шектеулер қойылған еді. Осыдан кейін банктер бірқатар шектеулер қоюға мәжбүр болды. Артынша Альфа-банктің Қазақстандағы бөлімшесінің иесі өзгеретіні және бірқатар инвесторлармен келіссөз жүріп жатқаны хабарланды.
Мамыр айында банк қазақстандық "Банкцентркредит" ұйымына сатылып, ребрендинг жүргізілді. Қазір Альфа-банктің Қазақстандағы бұрынғы бөлімшесі Eco Center Bank деген атпен жұмыс істеп жатыр.
14 шілдеде АҚШ қаржы министрлігі Ресеймен тыңайтқыш, азық-түлік, тұқым, дәрі-дәрмек және медицина жабдықтары бойынша келісім жасауға да рұқсат берген. Арнайы құжат ведомство сайтында жарияланды.
АҚШ санкция тізімінен тыңайтқыш пен дәрі-дәрмектерді және өзге де бірінші кезекте қажет тауарларды 24 ақпанда – Ресей Украинаға басып кірген күні алып тастаған.
Бір айдан кейін АҚШ қаржы министрлігі тізімдегі тауарлар бойынша транзакцияларға ресейлік Центробанк, ұлттық әл-ауқат қоры, Ресей қаржы министрлігі және тізімдегі өзге де банктердің қатысы болса, ондай операцияларға тыйым салынатынын мәлімдеді.