Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ісінде 1,2 млрд теңге қаражаттың "жымқырылғаны туралы" тағы бір эпизод пайда болғанын хабарлады.
Агенттік сенбі күнгі хабарламасында 2017-2018 жылдары "жалпыұлттық тізімге енген нысандарды ақпараттық ресурстарда танымал ету үшін олардың 3D моделін жасау" жобасын жүзеге асыру кезінде Ұлттық музей басшылығы және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатқанын жазды.
"Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төледі. Алайда сараптамалық зерттеу жұмыстары оның нақты құны 83,4 млн теңге екенін анықтады. Осылайша, жұмыс құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келген" деп жазылған жемқорлықпен күрес агенттігі хабарламасында.
Агенттік тергеу жалғасып жатқандықтан өзге ақпарат жарияланбайтынын айтқан.
Ұлттық музей директоры, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық музейде тінту болғаны жөнінде ақпарат 16 мамырда шыққан. Кейін экс-министрдің "суицид жасағаны" жайлы ақпарат тарады, бірақ оның көмекшілері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Артынша экс-министр президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, жемқорлықпен күрес агенттігінің өзіне қатысты тергеу бастағанын растап, істің астары туралы болжамын айтқан. Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық музейдің лауазымды тұлғалары 146 млн теңге қаражатты ұрлады деген күдікке ілініп отырғанын хабарлаған. Мамырдың соңында Мұхамедиұлы Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторына қамалған.
Қарай отырыңыз: Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қамалды (30 мамыр 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
1 шілдеде жемқорлықпен күрес агенттігі Мұхамедиұлы ісінде тағы бір эпизодтың пайда болғанын растаған. Агенттіктің хабарлауынша, күдікті музейге қарасты Алматыдағы мекемелердің бірін өзіне қатысы бар заңды тұлғаға "төмен бағамен" беріп жіберген болуы мүмкін. Кейбір мәліметке қарағанда, соның салдарынан мемлекетке 2,2 млрд теңге шығын келген.
2019 жылдың шілдесінен бастап Ұлттық музейге жетекшілік еткен Арыстанбек Мұхамедиұлы оның алдында бірқатар үзілістермен мәдениет және спорт министрі болған. 2008-2014 жылдары аралығында Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болған.