Екі күн бұрын зымыранмен атқыланған Украинаның Винница қаласында соққыдан қаза болғандар 24 адамға жетті. Бұл жөнінде Винница облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Борзов хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, 16 шілдеде ауруханада денесінің 85 пайызы күйіп кеткен адам көз жұмған. Қазір 68 адам емделіп жатыр. Арасында 4 бала бар. Тағы төрт адам із-түзсіз жоғалған. Бұрын 23 адамның қаза болғаны хабарланған еді, арасында үш бала бар деп айтылып келген.
- 14 шілдеде Ресей күштері Винница қаласындағы орталық алаңға зымыранмен соққы жасаған. Ракета кеңсе ғимаратына, Офицерлер үйі мен тұрғын үйлерге және көлік тұрағына құлаған.
- Украина президенті Владимир Зеленский халықаралық қауымдастықтан Ресейді террорист-мемлекет деп тануды және Ресейді басқыншылығы үшін жазалайтын ерекше трибунал құруды талап етті.
- Ресей қорғаныс министрлігі Винница қаласына соққы жасағанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, Винницадағы Офицерлер үйіне "Калибр" ракетасымен соққы жасалған кезде онда "украин қолбасшылары Киевке қару-жарақ тасымалдайтын шетелдіктермен жиналыс өткізіп жатқан".