Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Өзбекстан қазағы шартты жазамен босап шықты

Сәкен Тәліпов. Отбасы архивінен алынған сурет.

19 шілдеде Алматыда Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған Өзбекстан қазағы 18 жастағы Сәкен Тәліповке үкім оқылды. Сот оған бір жыл шартты жаза берді. Қаңтардан бері тергеу изоляторында қамауда болған Тәліпов сейсенбі күні сот залынан босап шықты.

– Ұлымның төтенше жағдай жарияланғанға дейін ол жаққа ("Алматы аренасы" мен Республика алаңы - ред.) қызық көру үшін барғаны, ешқандай арам ниеті болмағаны туралы видео дәлелдер бар. Ұлым "балалықпен бардым, өкінемін, бұлай болады деп ойлаған жоқпын, анамның қасына жіберіңізші, анам ауырады" деді. Прокурор да шартты жаза сұраған. Ұлымның кәмелетке толмағандығын, менің жақында операциядан шыққандығымды ескердік деді, – деді Сәкен Тәліповтің анасы Кәмшат Дербісәлиева Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, қаңтарда өзге ұсталғандармен бірге азапталған Сәкен Тәліпов медициналық көмекке зәру.

"Енді ұлымды дәрігерге қаратуым керек. Ал оны азаптағандарға қатысты қылмыстық істі жауып тастаған екен. Адвокат қайтадан шағым түсірген. Енді сотта қаралуы тиіс" деді ол.

Өзбекстан қазағы Сәкен Тәліпов Қазақстанға былтыр күзде, осында бірнеше жылдан бері тұратын анасының қасына көшіп келген. Кәмелетке толмағандықтан азаматтық алып үлгермеген. Анасымен бірге Алматыдағы тұрғын үй кешенінің бірінде күзетші болып жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, ол 4 қаңтарда «Алматы аренадағы» бейбіт жиынға барған. Көпшілікпен бірге әкімдікке дейін жеткен. Сол жерде жатқан полиция қалқаны мен дубинкасын алғаны камераға түсіп, ақпанның басында қамауға алынған.

Сәкеннің анасы Кәмшат Дербісәлиева осыған дейін ұлы қаланы дұрыс білмейтінін, шеруге қасындағы досы ертіп барғанын айтқан.

Осыған дейін Өзбекстанның Алматыдағы бас консулдығы Сәкен Тәліповке байланысты Қазақстанға нота жолданғанын мәлімдеген.

Қаңтар оқиғаларына байланысты Қазақстанда оннан астам шетел азаматы ұсталған. Екі қырғыз, бір өзбек азаматы қайтыс болды. Билік қаңтардың басынан бері дүрбелеңге «сыртқы күштерді» айыптап келеді. Олар Орталық Азия елдерінің бірінен келгенін айтады. Бірақ нақты айғақ келтірмейді. Бұған дейін «бүлікші» ретінде аталған екі қырғыз азаматы үшін Қырғызстан Қазақстанға қарсылық нотасын жолдап, азаматтарын елге қайтарған. Жуырда Қырғызстан астанасы Бішкек қаласының Ленин аудандық ішкі істер бөлімі Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде соққыға ұшыраған музыкант Викрам Рузахунов ісі бойынша тергеуді аяқтаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қаңтарда "қамауда азапталдым" деген Самат Нұрмұхановтың денсаулығы нашарлады "Адамды ату қылмыс емес пе?" Қаңтарда оққа ұшқан ақтөбелік тұрғынның өлімінен соң қозғалған іс тоқтағанАдам атқандарды жауапқа тартпау, азаптау және үшінші күштер. Қанды Қаңтар мен Қарақалпақстандағы оқиға нені байқатты?Қанды қаңтар құрбандары"Баламды ақтасын!" Қаңтарда оққа ұшқандардың жақындары президент әкімшілігіне кіре алмады