Жеңіл атлетикадан Юджинде (АҚШ) өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан атынан жарысқа қатысқан кениялық Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлем чемпионы атанды. Ол бұл қашықтықты 8:53,02 минутта жүгіріп өтіп, әлем біріншілігінің рекордын орнатты.
Күміс пен қоланы эфиопиялық Веркуха Гетачью (8:54,61) мен Мекидес Абебе (8:56,08) иеленді.
Қазақстан бұрын соңды жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында алтын медаль алмаған еді, бұған дейін үш күміс, бес қола медаль болған.
Джеруто және тағы екі кениялық атлет Дэйзи Джэпкимэй, Каролин Кипкируи Кения құрамасына ене алмаған соң 2018 жылы Қазақстанға келген. Алдымен бұл атлеттерді ШҚО әкімі әрі Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Даниал Ахметовтің бастамасымен Өскеменде құрылған "Алтай Атлетикс" клубына шақырған. Өскеменге келе сала олар Қазақстан азаматтығын алды. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының Азаттыққа берген ресми жауабында кениялықтар бұл клубта айына 350-750 мың теңге жалақы алғаны айтылады.
Бірақ Әлемдік жеңіл атлетика ұйымы (World Athletics) ережесіне сай, азаматтығын ауыстырған атлеттер үш жыл "карантинде" болып, одан соң ғана жаңа ел атынан жарысқа қатысуға рұқсат.
World Athletics 2022 жылы қаңтарда үш кениялықты "карантиннен" шығарып, Қазақстан атынан жарысқа қатысуға рұқсат етті. Кениялық үш атлетті өздерімен еріп келген бапкері Кеннет Ротич жаттықтырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шенеуніктерге нәтиже керек". Кениялық атлеттер Қазақстанда жеңіл атлетиканы дамыта ала ма?Юджиндегі әлем чемпионатында Дэйзи Джэпкимэй 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден 19-орын, Каролин Кипкируи 10000 метрге жүгіруден 7-орын алды. Биылғы әлем чемпионаты 24 шілдеде аяқталады.
- Қазақстан әлем чемпионаттарында, олимпиада ойындарында медаль алу үшін шетелдік спортшыларға көп арқа сүйейді. Осыған дейін Қазақстан Қытай, Әзербайжан, Ресейден ауыр атлеттер; Ресейден теннисшілер мен балуандар; Моңғолиядан дзюдошы шақырған.
- Қытайдан және Ресейден келген ауыр атлеттер Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедова Лондон олимпиадасында алтын алғанымен, кейін олардың анализінен допинг табылып, медальдарын қайтарып берген. Ал Әзербайжаннан келген ауыр атлет Нижат Рахимов Рио олимпиадасында чемпион атанған, бірақ ол да допинг дауына ілініп, медалін қайтарып беруге міндеттелді.