Orda.kz сайты 21 шілде кешкі уақыттан бері DDos шабуылға ұшырап жатқанын хабарлады. Сайт қызметкерлері интернет-ресурста және әлеуметтік желілерде "өздерін арандатуға бағытталған ақпарат таралуы" мүмкін екенін ескертті.
"Бізге кеше кештен бері шабуылдап жатыр. Сайтымыз DDos шабуылмен бұзылды. Сайт әкімшілігі жұмыс істемейді, сол себепті кешеден бері ақпараттар жаңарып жатқан жоқ. Поштамыз бұзылды және біздің электронды поштамызды мыңдаған бөтен сайттарға жазып тастаған. Orda.kz сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында арандату сипатындағы ақпарат пайда болуы ықтимал" деп жазылған редакция хабарламасында.
Сайт өкілдерінің айтуынша, кейінгі жарты жылда олар үш рет осындай шабуылға ұшыраған. Ең екпіндісі осы жолы болып отыр.
22 шілде 10 жарым шамасында сайт қызметкерлері ҰҚК-ға қарасты ақпараттық қауіпсіздік бөлімінен хабарласып, Orda.kz сайтына DDos шабуыл жасалғанын растағанын жазды. "Біздің мәселемізбен айналысатынын хабарлады, бірақ тексерісті әлі бастамаған" деп жазды сайт.
ҰҚК оқиғаға түсініктеме бермеді. Қазір Orda.kz сайты ашылып тұр. Негізгі беттегі мақалалар 21 шілдеде жарияланған.
Қазақстанда интернет-сайттар бұғатталғаны жөнінде жиі шағымданады. Қаңтар оқиғасы кезінде де елде Orda.kz және ҚазТАГ агенттіктерінің сайты ашылмай қалған. Журналистер қауымдастығы және баспасөз қорғау ұйымдары сайттардың бұғатталуын сынап, оларды дереу ашуды талап еткен. Қаңтардың соңында аталған ақпарат сайттары қайта ашылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Журналистика билікке емес, билік оған әсер етеді". Қазақстандағы БАҚ пен мемлекеттік тапсырыс жайлы