Жұма күні Алматы прокуратурасына барып, талаптарын жеткізгеннен кейін белсенді Инга Иманбай қазір қамауда отырған күйеуі, "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайға кіруге рұқсат алды. Ол түсте Азаттық тілшісіне Алматы қаласы арнайы прокуратура басқармасының бастығы Қанат Күнғожиновтың рұқсаты бар қағазды көрсетті.
Инга Иманбай бұл шешімге риза емесін бірақ осының өзіне қанағаттануға тура келгенін айтты.
– Бұлар Жанболаттың ісі бойынша тергеуден мені алыстатты. Бірақ әйелі ретінде Жанболатты көру құқығымды осындай шу-шұрқанның арқасында қайтарды. Менің қорғаушы статусымды қайтарған жоқ, себебі мен куәлік бермесем де 4 қаңтар күні митингіге Жанболаттың қасында болғаным үшін тергеу мені куәгер ретінде қарастырады. Мен күйеуіме қорғаушы болуым керек. Мен оның тергеудегі қорғануына араласуым керек, мен оны сотта қорғауым керек. Ол құқұғым қалпына келген жоқ. Бірақ мен үшін қазір ең маңыздысы Жанболаттың түрмедегі қауіпсіздігі. Оны көріп тұру, денсаулығын, жағдайын бақылау. Сол құқығымды бүгін қайтардық, - деді Инга Иманбай.
Бір күн бұрын Инга Иманбай Жанболат Мамай ісінде ісінде өзін қорғаушы статусынан айырып тастағанын хабарлаған. Сәйкесінше, өзін күйеуіне кіргізбей отырғанына шағымданған еді.
Жұма күні олар прокуратура алдында наразылық білдіріп, шешімнің күшін жоюды талап етті. Прокуратура өкілдері наразыларға ішке шақырғанмен белсенділер "журналистерді кіргізбесе, кездесуге бармаймыз" деп бас тартты.
Прокуратура өкілдері оқиғаға төмендегідей түсініктеме берді.
– [Наразыларды] Алматы қаласы прокурорының орынбасары Назарбай Ыбыраймолдаев қабылдады. Прокуратура қызметкерлері заңды түсіндірді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 94-бабына сәйкес, Инга Иманбай қорғаушы және куә болып, екі статуста бола алмайды. Бұған дейін екі бөлек қылмыстық іс болған. Қазіргі таңда ол екеуі бір өндіріске біріктірілді. Бірақ Инга Иманбай Жанболат Мамайдың жұбайы болғандықтан тергеушінің рұқсатымен кездесу ала алады, ешқандай кедергі жоқ, - деді қалалық прокуратура өкілі Бауыржан Төлендинов.
Жұма күні прокуратура маңында көп полицей жүрді. Бір газель, бірнеше полиция көлігі тұрды.
Бір күн бұрын Инга Иманбай прокуратура өкілдерінің оған Жанболат Мамай ісі бойынша куәгер екенін алға тартып, қорғаушы мәртебесінен айырғанын хабарлаған. Оның айтуынша, "құқық қорғау өкілдері өзін осылайша күйеуіне қарсы куәлік беруге мәжбүрлемек".
Прокуратура құжатында Инга Иманбайдың 4 қаңтарда "Алматы арена" спорт сарайы маңында күйеуі Жанболат Мамаймен бірге митингіге қатысқаны жазылған. 6 сәуірде белсенді тергеуге шақырылған. Алайда Инга Иманбай Қылмыстық-процестік кодекстің 74-бабына сүйеніп, күйеуіне қарсы куәлік беруден бас тартқан.
- Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, 34 жастағы Жанболат Мамай биылғы 26 ақпаннан бері қамауда жатыр. Белсендінің жақтастары бұл істердің саяси астары бар деп санайды.
- Қамауға дейін Мамай Қылмыстық кодекстің екі бабы: "Билік өкілін қорлау" (378-бап) және "Жалған ақпарат тарату" (274-баптың 2-тармағы) баптары бойынша айыпталып, күдікті ретінде тергеліп келген. Қамалған соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты тағы екі бап бойынша айып тағылған. Ол "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" (272-баптың 1-тармағы) және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" (274-баптың 4-тармағы) деген күдікке ілінді.
- Айыпты деп танылса Жанболат Мамай 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
- Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
- Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрып, тіркеуге тырысқанын, бірақ билік кедергі келтіргенін айтқан.