Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері 5 ай ішінде Украинаның 2,8 миллионнан астам адамы Ресейге өткен, оның 448 мыңы - бала. Ресей күш құрылымдарындағы дереккөздеріне сүйенген ТАСС агенттігі осындай мәлімет таратты.
Бұл ақпаратта Ресейге өткендердің тең жартысы сепаратистік Донецк пен Луганск облыстарының тұрғындары екені көрсетілген. Ресейдің уақытша орналастыру пункттерінде Украинаның 33 мыңнан астам тұрғыны, арасында 11241 бала бар екені айтылған. Өзгелері туыстарының үйіне "кеткен".
БҰҰ-ның 19 шілдедегі ресми мәліметіне қарағанда, Ресейде Украинаның 1 миллион 700 мыңнан астам адамы босып жүр, бұл өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Дүниежүзінде Украинадан шыққан 6 миллион босқын бар деп саналады, оның 3 миллион 700 мыңын Еуропа одағы паналатып отыр.
Ресейге көбіне Украинаның шығысындағы ұрыс аймағының адамдары кеткен, өйткені ол жақтан Украина бақылауындағы аймаққа жылжу мүмкін емес. Украина билігі Ресейге кетуге мәжбүр болғандарды босқын деуге болмайды деп санайды, оларды мәжбүрлеп әкетілгендер немесе күшпен депортацияланғандар деп атайды. Президент Владимир Зеленский 13 шілдеде "екі миллион адамымызды мәжбүрлеп Ресейге алып кетті" деп мәлімдеді.
"Агрессор мемлекет жеріне қарапайым халықты күштеп әкету, әсіресе балаларды мәжбүрлеу ұрлықпен тең. Мұндай әрекеттер халықаралық құқықты өрескел бұзу болып саналады" деп мәлімдеді Украина сыртқы істер министрлігі 2022 жылдың наурызында. Бұл сөзді ВВС сайты жариялады.
Украинадан Ресейге кеткен ересектер мен отбасылы адамдар қаласа өзге жаққа кетіп қалуына да болады, ал жетім балалардың ахуалы басқаша. Ресей президенті Владимир Путин оларға Ресей азаматтығын жеңілдетілген жолмен беретін жарлық шығарған. Соғыс кезінде бейбіт халықты қорғау туралы Женева конвенциясында бойынша, соғыс аймағынан шыққан балаларға өз елінің қауіпсіз жағына кетуге немесе бейтарап елге өтуге мүмкіндік берілуге тиіс.
"Вёрстка" басылымының мәліметінше, Украинаның шығысында тұрып келген 5 жастан 16 жасқа дейінгі 108 жетім бала Ресей азаматтарына асырап алуға берілген. Украина оларды әкетуге және асырап алуға келісім бермеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Украинадан 108 жетім баланы әкетіп, оларды бала асырап алғысы келетін Ресей азаматтарына берген.