Қарағанды облысының полициясы Сарандағы танкіге Z белгісін жазып кеткен адамды іздеп жатыр

Украинадағы соғыста жүрген ресейлік танк. Көрнекі сурет.

Полицейлер Қарағанды облысы Саран қаласында тұрған танкіге Z белгісін жазып кеткен адамды іздеп жатыр. Бұл туралы Азаттыққа Қарағанды облысы полиция департаменті хабарлады.

"Қазір Саран қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері заң бұзғандарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кейін заң бұзған адам әкімшілік жауапқа тартылады" деді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Кеше, 28 шілдеде әлеуметтік желіде Сарандағы Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған ескерткіштің маңында тұрған танкіге біреулер Z белгісін жазып кеткен еді. Желі қолданушылары полициядан жазуды жазған адамды тауып, жазаға тартуды талап етіп жатыр.

Z және V белгісі Ресейдің Украинаға басқыншылығының символына айналған. Кремль бұл белгілерді пропагандалық шараларында жиі қолданады. Z және V белгілеріне Украина мен Еуропадағы бірнеше ел шектеу қойған.

Бұған дейін Қазақстанда көлігінде Z таңбасы бар кейбір жүргізушілерге айыппұл салынған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан сепаратистік Z таңбасын қолданғандарды қалай жазалайды?"ZаПацаноV". Ресейдің Украинаға шапқыншылығы символы қалай пайда болды?Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезінде қолданылған Z және V таңбалары Байқоңырда пайда болды