Украина қауіпсіздік қызметі, қорғаныс министрлігі, әскери барлау қызметі және Жоғарғы раданың адам құқығы жөніндегі уәкілі БҰҰ-ға қайырылып, Донецк облысы Еленовкадағы колонияны тексеруді сұрады. Бір күн бұрын колонияға шабуыл жасалып, кемінде 53 украин тұтқыны опат болған.
Ресей және Донецкідегі ресейшіл сепаратистер колонияға украин армиясы соққы жасады деп мәлімдеген. Мәскеу оқиғаны әскери қылмыс деп атап, оған Украинаны кінәлады. Ал Киев мұны жоққа шығарып, шабуылды Ресей жасағанын айтты.
Украина қауіпсіздік қызметі Телеграм арнасында таратқан ортақ мәлімдемеде колониядағы жарылысты Ресей ұйымдастырғанын атап өтіп, оны "теракт" және "қырғын" деп атаған. Онда Украина армиясының тек әскери нысандарға соққы жасап жүргені жазылған. Мәлімдеме авторлары БҰҰ мен Қызыл Крест ұйымынан оқиғаға реакция білдіріп, колонияға тексеру миссиясын жіберуді талап еткен.
Азаматтық нысан екенін біле тұра оған шабуыл жасау және әскери тұтқындарды өлтіру халықаралық құқықта әскери қылмыс ретінде қарастырылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "ДХР" мен Украина Еленовкадағы колонияға шабуылға бір-бірін айыптады. Мұнда украиналық тұтқындар отыр