Көрермендерді Украина символдарымен кіргізбеді. Алматыда Украинаны қолдауға арналған концерт қалай өтті?
"Voice of Peace" (Бейбітшілік үні) атты Украинаны қолдауға арналған қайырымдылық концерті "Алматы аренада" өтті. Концертке көп адам жиналды, көрерменнің көбі Украина символдары бар футболкалар киіп келді. Кейбір адам беттеріне Қазақстан мен Украина туының суретін салып алған.
Жұрт концертке кіруге кезекте тұрғанда "күзет қызметі залға Украина туымен кіргізбей жатыр" деген сөз шықты. Кейін бұл сөз расталды. Күзет қызметі Украина туы мен Украинаның басқа да атрибуттарын ұстаған көрермендерді жібермей жатты.
Бұл жасөспірімді концерт алдында суретке түсірдім. Ол "концертке Украина туымен кіргенде тұрған ештеңе жоқ" деді. Шоуға келген жастардың көбі Украинаға қолдау білдіргісі келеді.
Арнайы жасақ мен тілдескен жасөспірімді концертке тумен кіргізбеді. Ол ұстаған ту кіреберістегі үстелде қалды.
Украинаның атрибуттары бар футболка киген кейбір көрермен күзет пен полиция кордонынан өтіп кеткен.
– Полиция өткізбеген соң концертті ұйымдастырушыларды шақыруды талап еттік. Кейін бізге бір жігіт келді, оның күзет басшысы екенін түсіндік. Ол барлық адам бір сұрақты қойып жатқанына ашуланды, тіпті бізге ортан терегін безеді. Оны видеоға түсіріп алдым және Қазақстанның Қылмыстық кодексінде ұлтаралық араздықты қоздыру бабы барын айттым. Кейін полиция "өте беріңдер" деп концертке кіргізді, - дейді Кристина Кунах (суретте сол жақта шетте тұр).
– Туды әкеткен күзетшілер концерттен соң қайтарамыз деді. "Саяси атрибуттарды не үшін алып жатырсыздар?" деп сұрағыма "ұйымдастырушылардың талабы" деп жауап берді, - дейді Лиза (ортада) есімді көрермен.
Азаттық Украина атрибуттарына концертке алып кіруге кімнің тыйым салып жатқанын білмекке талпынып көрді. "Алматы арена" сарайының өкілдері барлық сауалды концертті ұйымдастырушылар мен қалалық полиция департаментіне қойыңыздар деді. Ұйымдастырушылар Украина туы мен атрибуттарына концертке кіргізуге Алматы әкімдігі тыйым салды" деді. Ал қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев "білмейміз, бұл шараны біз ұйымдастырған жоқпыз" деп жауап берді.
Концертте Майкл Джексонның "We Are the World" әнін орындаған хордағы балалар Украина атрибуттары бар футболға киіп шықты. Полиция мен күзет балаларға тиіспеді.
Концертке украин халқының осындай атрибуттарымен келген көрермендерді кіргізді.
Украинадағы "Голос. Дети" шоуының жеңімпазы болған Қазақстан әншісі Данэлия Төлешова сахнада тұр.
Қазақстан әншісі Айқын Төлепберген бейбітшілікті және Украинаны қолдайтынын айтты.
– Ресей Украинаға шабуыл жасағалы бес ай өтті, осы уақытта олар жауынгерлерді, бейбіт тұрғындарды өлтіріп, қалаларымызды бомбалап жатыр. Бұл туралы айтқанда өзімді ұстауға тырысам, бірақ қолымнан келмей тұр. Украинаны қолдағандарыңыз үшін алғыс. Рақмет, Алматы! - деді Украина әншісі DOROFEEVA.
Концертке көк пен сары шар ұстап келген көрермендер де болды.
Қазақстан әншісі Сырымтай Еңсепов сахнада тұр.
Қоғам белсендісі Дархан Шәріпов залға тығып әкелген Украина туын DOROFEEVA сахнаға шыққанда жайды.
– Осы арқылы азаматтық ұстанымымды білдіріп, Украинаны қолдағым келді. Соғыс басталғалы түрлі қайырымдылық шараларға қатысып жүрмін, - дейді Дархан.
Қара униформа киген адамдар Дарханға жүгіріп келіп, туын тартып алмақ болды. Олар белсендіні залдан шығарып, туды бәрібір алып қойды.
– Туды тартып алған соң залға қайта келдім. Концерт біткен соң туды қайтарып алдым, - дейді ол.
Украина әншісі Дмитрий Монатик концертте "қазір үйіме зымыран түсуі мүмкін" деген қорқынышпен өмір сүрудің өзі қорқынышты. Ересектер осылай қорықса, балаларға не боларын елестетіп көріңіздерші? Балалар сабақ соңындағы қоңыраудан соң үзіліске шығамын жүгіріп жүрудің орнына, әуе дабылынан қорғанатын жертөлелерге қашып жүр. Әр күніміз осылай өтіп жатыр. Бізді қолдап, Ресей бастаған соғысқа алаңдағандарыңыз үшін сіздерге алғысым шексіз. Үнсіз қалмағандарыңыз өте маңызды" деді.
Алматыдағы концертке Украинаның халық әншісі Тина Кароль да қатысты. Әнші сахнаға Украина туы түстес көйлек киіп шықты.