Ресей мен Беларусь азаматтары 4 тамыздан бастап TOEFL емтиханын онлайн тапсыра алады

TOEFL емтиханын ұйымдастыратын халықаралық ETS ұйымы Ресей мен Беларусь азаматтарына 4 тамыздан бастап TOEFL'ді онлайн тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл жөнінде ETS өкілі Стефани Винтерс сөзіне сүйенген "Медиазона" жазды.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін наурызда ETS Ресей мен Беларусьте тест өткізуді тоқтатқан. Осыдан кейін екі мемлекет азаматтарының емтиханды шетелде тапсыруларына тура келген. Осы аптада бірқатар қолданушылар TOEFL-ге тіркеле алмай отырғанын айтқаннан кейін бірқатар БАҚ тыйым туралы тағы жазған.

Британдық BBC ақпарат агенттігінің жазуынша, аталған емтихан түріне онлайн тіркелгісі келетін Ресей азаматтарына "Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқарма (OFAC) талаптарына сәйкес, TOEFL өнімі мен қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігіңіз шектелген" деген хабарлама шығады.

ETS'тің түсіндіруінше, мәселе емтихан тапсырушының азаматтығында емес, Ресейдегі шектеулерге байланысты әріптес компаниялардың жұмыс істей алмай отырғандығында болып отыр.

Әлемде көптеген университеттерге түсу үшін TOEFL және IELTS сертификаттары қажет.