"Басыма қап кигізіп, ұрып-соқты". Түркістан облысында ер адам полицияда азапталғанын айтты

Ауылда жүрген полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Түркістан облысында "екі қой ұрлады" деп күдікке ілініп, ұсталған Нұрболат Өмірбеков Сауран ауданы полиция бөлімінде азапталғанын айтты. Бұл жөнінде Otyrar.kz сайты хабарлады.

Өмірбековтің сөзіне қарағанда, оқиға ақпан айында болған. Оның полицияда азапталған кезде айқайлағаны сол кабинетке жақын орналасқан дәліздегі камераға жазылып қалған. Телеарна сюжетте сол видеодан да үзінді келтіреді.

"Маған малды сен ұрладың деді, мен ұрламадым дедім. Басыма қап кигізіп, ұрып-соға бастады. Өзіңе жаман болады деді. Қандай да бір құжаттар әкеліп, егер қол қоймасаң қайта азаптайтынын айтты. Мен "егер ештеңе жасамасам, нені мойындаймын" дедім. Олар тағдырың шешіліп қойған, прокурормен келісіп алғанбыз деп қорқытты" деді Нұрболат Өмірбеков.

Сайттың жазуынша, кейін Өмірбековтің қой ұрлығына қатысы жоғы анықталып, күдіктілер қатарынан алынған. Ол "өзін азаптаған" бес полицейдің үстінен арыз жазған.

Ақпаратқа қарағанда, бес полицейдің әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда қандай бап бойынша қозғалғаны белгісіз.

Қазақстанда азаптауға байланысты қылмыстық істердің сотқа жететін кезі сирек, айыптау үкім шығатын жағдай да өте аз кездеседі. Басым бөлігі "қылмыс құрамы болмағандықтан" немесе "айғақ жетпегендіктен" тергеу кезінде жабылады. Адам құқығын қорғау бюросының хабарлауынша, жыл басынан бері құқық қорғаушыларға азаптау және өзге де заңсыз әрекеттер бойынша 172 шағым түскен.

Елде азаптау бойынша арыз-шағымдар Қаңтар оқиғасынан кейін көп түсті. Бас прокуратура бұған дейін Қаңтардағы азаптауларға қатысты 8 істі тергеп жатқанын, күштік құрылымның 15-інің күдікті атанғанын, тоғызы қамауда екенін айтқан. Осыған дейін жәбірленушілер Қаңтардағы азаптаулар бойынша істердің баяу жүріп жатқанына алаңдаған.

Наурыздың ортасында Бас прокуратура азаптау арыздары бойынша 243 іс қозғалғанын хабарлаған еді. Төрт айдан соң, "ҚазАқпаратта" жарық көрген сұхбатында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов азаптау шағымдары бойынша істерді жүргізетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 137 істі тоқтатқанын айтқан.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтарда қаза болған 238 адамның алтауы азаптаудан көз жұмған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардағы азаптауға шағым айтушы көп, бірақ ешкім жауапқа тартылмады