Тәліп командирі Тәжікстанды бір аптада жаулап алуға күші жететінін мәлімдеді

"Талибан" қозғалысының жоғары лауазымды бір командирі Душанбе Ауғанстанның ішкі ісіне араласуды доғармаса, тәліптердің оны бір аптада басып алуға әлі жетеді деп мәлімдеді.

"Хашт-е собх" атты ауған газетінің дереккөзге сілтеме жасай отырып 2 тамызда хабарлауынша, тәліптердің "Омари" корпусы командирінің орынбасары молда Мұхаммад Жан Хамза Тахорда "Талибан" үкіметі министрлерінің бірі қатысқан жиында осылай деп мәлімдеген. Тахор ауған провинциясы Тәжікстанның Хатлон облысымен шектеседі.

Ұлты пуштун Мұхаммад Жан Хамза "Тәжікстан Ауғанстанның ішкі ісіне араласуын доғармаса, ал Ресей Тәжікстанға көмектеспесе, онда тәдіптер бұл елді бір апта ішінде жаулап алады" деп мәлімдеген.

Мәліметтерге қарағанда, ол тәліптердің Тахор провинциясын басып алуында маңызды рөл атқарған.

Душанбе тәліп командирінің мәлімдемесін елеусіз қалдырды. Тәжікстан билігі әдетте "Талибанның" жауапты тұлғаларының мәлімдемелеріне жауап қатпайды, өйткені ол тәліптердің Ауғанстандағы билігін мойындамады, бұған қоса Душанбе мен Кабул арасында дипломатиялық қарым-қатынас жоқ.

Тәліптер 2021 жылғы тамызда Кабулды басып алып, Ауғанстан Ислам Әмірлігі құрылғанын жариялады. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон осы елдегі халықтың 46 пайыздан астамын құрайтын тәжік ұлтының өкілдері тәліптердің жаңа үкіметінде жоқ екенін сынады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азияға Ауғанстан жақын болса да, "Талибан" алыс. Тәліптерден аймаққа қауіп бар ма?"Талибан" үкіметі Өзбекстан мен Тәжікстанды атқылаған "содырлар қамалғанын" хабарлаған"Сес көрсету". Тәліптер ауған-тәжік шекарасында бақылау бекетін салып жатырТәліптер Тәжікстанмен шекараны жауып, жүк көліктерін өткізбей жатырОрталық Азия елдері шекара түбінде тәліп әскерінің күшейгеніне алаңдайды