АҚШ операцияларының құпиясын меңгерген бұрынғы ауған арнайы қызметінің өкілдерін Ресей, Қытай және Иран пайдалануы мүмкін. Осылай деп мәлімдеген республикашылдар президент Джо Байден әкімшілігі олардың эвакуациясына жеткілікті дәрежеде басымдық бермегенін атап өтті.
"Кейбір бұрынғы ауған әскери қызметкерлерінің Иранға қашып кеткенін ескерсек, бұл мәселе өзекті бола түседі" деп жазылған АҚШ өкілдер палатасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің есебінде. Құжат тәліптердің ауған билігіне келгеніне бір жыл толуына орай әзірленген.
Есеп авторларының айтуынша, Байден әкімшілігі 2021 жылы 14-31 тамызда Кабул әуежайынан Америка әскерін әкету операциясы кезінде АҚШ-та дайындықтан өткен ауған арнайы жасағы мен өзге де элиталық топтарды көшіруге қажетті дәрежеде мән бермеген. Соның салдарынан жүздеген ауған жасағының өкілдері мен отбасы Ауғанстанда қалған. Осыған дейін бұрынғы ауған шенеуніктерін тәліптердің өлтіріп, азаптағаны жайлы хабар болған.
Есеп авторлары Ауғанстанда ықпалын сақтап қалған Америка қарсыластарының бірі, арасында Ресей, Қытай және Иран да бар, оларды өздеріне тартып, жұмыс істеуге мәжбүрлеуі мүмкін деп ескертеді.
Құжат авторларының айтуынша, бұл АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін, себебі бұрынғы ауған жасағы Америка әскері мен барлау қауымдастығының тактикалары мен әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген.