Белорустық TikTok-блогер "Лукашенконы қорлағаны үшін" екі жылға колонияға қамалды

Андрей Белявский

Белорустық TikTok-блогер Андрей Белявский "Лукашенконы қорлаған" роликтері үшін екі жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Блогер жалпы режимдегі колонияда жазасын өтейді. Бұл жөнінде "Вясна" құқық қорғау орталығы хабарлады.

Белявский Беларусь қылмыстық кодексінің "президентті қорлау" (368-бап) бабы бойынша кінәлі деп танылды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, судья істі қарауды бастаған соң бірнеше сағат ішінде жылдам үкім шығарған.

Айыптаушылардың айтуынша, Белявский 2022 жылғы 20 және 26 қаңтарда "TikТок әлеуметтік желісінде Александр Лукашенконы қорлайтын екі видеоролик жариялаған".

TikTok-блогерді 28 сәуірде жұмыс орнында – өзіне тиесілі "Велоспортмейстер" велосипед дүкенінде қамауға алған. Қамау кезінде Белявскийдің қасында кәмелетке толмаған ұлы болған, кейін бала ата-әжесіне табысталған.

Блогер сот мәжілісі кезінде кінәсін толық мойындаған. Мемлекеттік айыптаушы оған екі жыл бостандығынан айыру жазасын сұраған, сот онымен келісті. Бұған қоса Белявскийдің "қылмыс жасау құралы" деп танылған телефоны тәркіленді.

Бобруйск қаласының 45 жастағы тұрғыны Андрей Белявскийдің қоғамдық-саяси мәселелерді айтатын "Сұрағым бар" деген TikTok аккаунтына 100 мыңдай адам жазылған. Беларусьтің ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықпен күрес басқармасы аккаунтты бұзған дейді құқық қорғаушылар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Адамзатқа қарсы қылмыс". Беларусьтегі күш құрылымдарының азаптау механизмін зерттеу нені көрсетті? "Диктатордың кек алуы". Светлана Тихановскаяның күйеуі Сергей Тихановский 18 жылға сотталдыЛукашенко енді Telegram-арналарымен бірге олардың оқырмандарын да қудалап отыр