Кезектен тыс сайлау, көлік кіргізгенді кешіру және Қаңтар қатысушыларына рақымшылық. Тоқаев жолдауы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы, келесі жылы мәжіліс сайлауы өтеді. Бұл туралы бүгін, 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Жолдауда Тоқаев бір тақырыптан екіншісіне жиі ауысып, көптеген уәде берді. Қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жасалатынын, кәмелетке толмаған азаматтарға арнайы есепшот ашылып, ақша салынатынын айтты.

КЕЗЕКТІ КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Жаңа кезектен тыс президент сайлауын жариялаған Тоқаев бұл шешімін негіздегенде "халықтан жаңа сенім мандаты" қажет деп айтты.

"Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын" деді ол.

Сондай-ақ ол президенттікті 7 жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынып, бұл ұсынысты күздегі президент сайлауынан кейін парламентке жолдайтынын мәлімдеді. Ұсыныс жүзеге асса, болашақта Қазақстанда бір адам екінші рет президент болып сайлана алмауы тиіс.

"Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең… Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады" деді президент.

Бұл ұсыныс Қазақстан конституциясына маусымдағы референдумнан кейін тағы да түзету енетінін білдіреді. Үш ай ғана бұрын негізгі заңды түзету пакеті дауысқа салынған. Бұл түзетулер бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына берілген артықшылықтарды алып тастаған. Тоқаев болса, конституциялық реформа парламенттік республика құруға жол ашады деген. Бірақ сарапшылар іс жүзінде көп нәрсе өзгермейтінін, Қазақстанның президенттік билігі мықты авторитар ел болып қала беретінін айтқан еді. Кейбірі референдумды президент сайлауына дайындық деп те атаған.

Референдумның қарсаңында Тоқаев ел ішінде және шетелде референдум арқылы президенттік мерзімді ұзарту мәселесі қарала ма деп көп сұрайтынын, ондай пиғылы жоқ екенін мәлімдеген.

Қазіргі заң бойынша, бір адам екі мерзімнен артық президент бола алмайды. Тоқаев осыған дейінгі мәлімдемелерінде берілген уақыттан артық отырмайтынын айтқан. Ол бұл қызметке 2019 жылы Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткенде келген.

Осыған дейінгі уәдесінде тұрса және жолдауда айтқан сөзі рас болса, 7 жылдық бір мерзім Тоқаевты айналып өтеді. Күздегі сайлауда жеңіске жетсе, ол оның екінші мерзімі – қазіргі заң бойынша соңғы мерзімі саналады. Бірақ сарапшылар авторитар режим санайтын Қазақстан билігі Конституцияны жиі өзгертетіні белгілі.

Тоқаев сондай-ақ келесі жылы елде парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауы өтетінін айтты. Ол – "конституциялық реформалардан кейін тіркелетін саяси партиялар саны артып, бәсеке күшейетінін" мәлімдеді. Бұл мәлімдеме осыған дейін де жасалған. Бірақ содан бері көптеген белсенді, саясаткер партиясын тіркете алмай жүр. Тіркеуге қажетті қол саны және өзге де талаптар жеңілдетілгенімен, партияны тіркеу тетігі әділет министрлігінің, яғни атқарушы биліктің қолында қалып отыр.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ЖӘНЕ РАҚЫМШЫЛЫҚ

Бір жылдың ішіндегі екінші жолдауында Тоқаев Қаңтар оқиғасының қатысушыларына бір реттік рақымшылық жасалатынын, бірақ мұның ауыр қылмыс жасағандарға қатысы жоғын айтты.

"Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды" деді ол.

Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан ондаған азаматтардың туыстары құқық қорғау органдарының марқұмдардың үстінен "тәртіптсіздік", "терроризм" баптарымен іс қозғағанын, марқұмдардың жай ғана бейбіт наразылыққа шыққанын айтқан.

Қаңтар оқиғасынан кейін қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қамауға алынып, оларға қызметін асыра пайдалану, мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу секілді айыптар тағылды. Бірақ ресми хабарларға қарағанда, комитет басшысының бір орынбасары, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Самат Әбішке ешқандай айып тағылмаған. Тек оның "тергеу орбитасында" екені, тергеуден өткені ғана айтылды.

Your browser doesn’t support HTML5

Мәсімовтің аса құпия ісі жабық күйінде қала ма?

Биыл қаңтарда Қазақстанда газ бағасының қымбаттауынан басталған наразылық бүкілреспубликалық сипат алып, арты қантөгіске ұласты, ел президенті полицияға ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Ресми дерек бойынша, оқиға кезінде 238 адам қаза тапты, оның ішінде 6 адам күш құрылымдарының азаптауынан мерт болған.

Осы оқиғаға дейін 2019 жылы президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев билікке деген ықпалы зор саналған. Сарапшылар Тоқаевтың тек Қаңтар оқиғасынан кейін ғана толық президент атанғанын айтады. 1 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев Назарбаев туралы бірде-бір сөз айтпады.

Қаңтар оқиғасынан кейін парламенттің кіші палатасын Тоқаев әкімшілігінде жұмыс істеген Ерлан Қошанов басқаратын болды, ал соған дейін мәжіліс депутаты болып келген Дариға Назарбаева қызметтен кетті. Экс-президенттің бірқатар туысы мемлекеттік және квазимемлекеттік саладағы лауазымдарынан айырылды, кей туыстарына қарсы іс қозғалды.

ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН ТҮСКЕН ТАБЫСТЫ БАЛАЛАРҒА БӨЛІП БЕРУ ЖӘНЕ ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒУ ЖАСЫН ӨСІРУДІ ТОҚТАТУ

Сайлауалды жолдауында Тоқаев көптеген уәде берді және оның көбі кейінгі уақыттағы наразылықтарға реакция іспетті.

Елде әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді талап еткен митингілер өткен соң Тоқаев әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас межесінде қалатынын мәлімдеді. Бірақ одан кейін одан кейін зейнетке шығу жасы қалай өзгеретінін нақтыламады.

Ел билігі әйелдердің зейнетке шығу жасын 2018 жылдан бері жыл сайын алты айға өсіріп келеді. 2022 жылдан бастап әйелдер зейнетке алпыс жарым жаста шығатын болған. Бастапқы жоспар бойынша, 2027 жылға дейін бұл меже 63-ке келіп тоқтауы керек еді.

Қазақстан президенті сонымен қатар "Ұлттық қор – балаларға" деген бағдарлама ұсынды.

"Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады" деді ол бұл жобаның 2024 жылы 1 қаңтарда іске қосылатынын ескертіп.

Осыған дейін тәуелсіз экономистер Қазақстанда Ұлттық қор қаражаты тиімсіз жұмсалып жатқанын айтып, үкімет саясатын сынға алған еді. Кейінгі жылдары ел билігі бюджет дефицитін осы қордың есебінен жауып келген. Тоқаев бұл жөнінде ештеңе демеді.

Тоқаев және де төменгі жалақының 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге, яғни 16 пайызға артанын (150 доллар) айтты. Ресми дерек бойынша, биыл жылдық инфляция 15 пайыз, азық-түлік 19 пайыз болған. Бірақ сарапшылар, азық-түлік одан едәуір көп пайызға қымбаттағанын айтады.

Денсаулық сақтау мәселесіне келгенде, жолдау иесі алдағы екі жылда 650 ауылда медициналық және фельдшер-акушерлік пункт ашылады деп уәде етті.

Сондай-ақ ол Қазақстанға утилизациялық алымсыз әкелініп, тіркеуден өтпей жүрген шетелдік көліктерді заңдастыруды ұсынды. Бұл өзгеріс елге 1 қыркүйекке дейін кіргізілген көліктерді қамтиды. Осыған дейін Ресейден, Армениядан және Қырғызстаннан көлік әкеліп, оларды Қазақстан тіркеуінен өтпей пайдаланып жүрген азаматтар наразылыққа шыққан соң, ел билігі оларды уақытша тіркеген.

"Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара" деді Тоқаев.

Президент сонымен қатар кәсіпкерлерді несиелеу құнын азайтуды, салық саясатын жақсартуды ұсынды. Жолдауда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыруға қанша қаражат жұмсалатыны сөз болмады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың аты Конституциядан өшірілмек. Билік басты заңды неге жедел өзгертіп жатыр?