"Аманат" партиясы алдағы кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынады, деп мәлімдеді мәжіліс спикері әрі партия төрағасы Ерлан Қошанов.
"Бұл сайлауда да, алдағы сайлауларда да өзімнің кандидатурамды ұсынбайтынымды ресми мәлімдеймін. Бірақ мен Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты лайықты үміткерді қолдаймын" деді Ерлан Қошанов мәжілісте журналистерге берген сұқбатында.
"Мемлекет басшысы "Аманат" партиясынан шығып кетті, бірақ партия оның кандидатурасын сайлауға ұсыну мүмкіндігінен айырған жоқ" деп түсіндірді мәжіліс спикері.
Ол сонымен бірге президент өкілеті мерзімін жеті жылға ұзарту жөніндегі өзгерісті тек президенттің өзі бас заңға енгізе алатынын жеткізді.
"Шешімді тек президент қабылдайды. Егер Конституцияға өзгерістер енгізу керек деп шешсе, онда өзгерістер енгізіп, жыл соңына дейін сайлау өткізе алады" деді "Аманат" партиясының төрағасы.
Президент Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялап, өзі тағы сайлауға түсуге ниетті екенін мәлімдеген. Ол сонымен бірге президенттікті 7 жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынып, бұл ұсынысты күздегі президент сайлауынан кейін парламентке жолдайтынын мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Инерцияны сәтті пайдалану және Назарбаев факторы. Тоқаев не үшін ерте сайлау өткізгісі келеді?1 наурызда "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс съезі өтіп, партияның атауы Amanat болып өзгерді. Сол съезде партия төрағасы болып сайланған президент кейін "мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше болмауы тиіс" деп төрағалықтан кеткен. Партия төрағасы болып мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сайланған.