Қытайдан Шыңжаңдағы жақындарын елге қайтаруды талап етіп жүрген Халида Ақытхан, Гауһар Құрманәлиева және Гүлфия Қазыбекті бүгін, 12 қыркүйекте полицейлер Шымкентке кетіп бара жатқанда автобустан түсіріп алған. Кейін оларды Алматы қаласы Алатау ауданы полиция бөлімшесіне апарып, үшеуіне 13 қыркүйекке полицияға шақырту берген. Шақыртуда үшеуінің үстінен Әкімшілік кодекстің 488-бабы (Бейбіт митинг өткізу заңын бұзу) бойынша іс қозғалғаны жазылған. Бұл туралы Азаттыққа олардың өздері айтты.
Гауһар Құрманәлиеваның сөзінше, полиция бөлімшесінде Гүлфия Қазыбектің денсаулығы нашарлап, оны жедел жәрдем Қалқамандағы ауруханаға әкеткен.
Ал Гүлфия Қазыбек Азаттық тілшісіне полиция әкеткен сәтті "Алтын орда базарынан Шымкенте баратын автобусқа мініп, тойға бара жатқанымызды полиция автобустан түсуді талап етті" деп түсіндірген еді. Шыңжаңдағы туыстарына араша іздеп жүргендер мен полицейлер арасында диалогтың аудио жазбасында өзін "Нұрғали" деп таныстырған полицей "бұл – бастықтың тапсырмасы" дейді.
10 қыркүйекте Медеу аудандық соты Шыңжаңда қалған жақындарына араша сұрап, Қытайдың Қазақстандағы консулдығы мен елшілігіне барып жүрген Ақиқат Қалиолла мен Байболат Күнболатұлын "бейбіт митинг ережесін бұзды" деген айыппен 15 күнге қамаған.
Белсенділер сот пен полицияның бұл әрекетін 14 қыркүйекте Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары алдындағы қысымы деп санайды.
Ақиқат Қалиолла, Байболат Күнболатұлын, Халида Ақытхан, Гауһар Құрманәлиева және Гүлфия Қазыбек екі жылдан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығына барып, Пекиннен Шыңжаңда қалған туыстарын Қазақстанға жіберуді талап етіп жүр. Консулдық тарапынан ешқандай жауап болмады.
Қазақстан тарапы оларды бұған дейін де бірнеше рет "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен жазалаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әкемнің жерленген жерін білмеймін, анам мен інілерімнен хабар жоқ". Шыңжаңдағы жақындарын іздеген музыкантОлар 5 қыркүйекте Алматыдағы саябақта шара өткізіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Си Цзиньпинпен кездесуде Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеруді сұраған. Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендер Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары қарсаңында полиция бізді ұстап қамап қоюы мүмкін" деп ескерткен де еді.
- Пекиннің Шыңжаңдағы қазақтарға қысым көрсетіп жатқаны туралы Қазақстанда 2017 жылдың сәуірінен бастап айтыла бастады. Сол кезден бастап қазақтардың діни құқықтарының шектелгені, шетелге шығу үшін төлқұжат берілмей жатқаны, саяси лагерьлерге қамалғандары туралы ақпараттар тарады.
- Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз де Шыңжаңдағы саяси лагерьлер, күштеп жұмысқа жегу, балаларды ата-аналарынан айыру, дінге тыйым салу туралы жиі жазды. БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңдағы лагерьде бір миллион мұсылман қамалған. Пекин Шыңжаңдағы саясатын ішкі ісіміз әрі экстремизммен күрес, кәсіп меңгеру деп мәлімдейді.
- Қытайды экономикалық серіктес санайтын Қазақстан Пекиннің Шыңжаңдағы саясатына қатысты ресми мәлімдеме жасамаған.