Рим папасы Франциск мінген ұшақ бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17.45 шамасында астанаға қонады деп күтіледі. Ол Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің конгресіне қатысу үшін Қазақстанға үш күндік сапармен келе жатыр.
13 қыркүйек кешкісін Рим папасы Францисктің билік, азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуі жоспарланған.
14 қыркүйек күні ол Әлем және дәстүрлі діндер съезіне қатысып, сөз сөйлейді. Осы күні Рим папасы Нұр-Сұлтандағы Әлем және келісім сарайы алдындағы саябақта тал егу шарасына қатысады деп күтіледі. Сонымен бірге осы күні Рим папасы діндарлар алдында дұға жасап, бата береді.
Рим папасы 12 қыркүйекте Әулие Петр алаңына жиналған діндарлар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанға сапарын "бейбітшілік сапары" деп атап, оның сәтті өтуі үшін көпшіліктен дұға оқуын сұраған.
"Көптеген дін өкілдерімен кездесудің, бейбітшілік орнатуға ұмтылғандармен диалог орнатудың сәті түсіп тұр. Біздің әлем бейбітшілікке аса мұқтаж", – деген Франциск.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Көпжақты әріптестік жөніндегі департамент директоры Дидар Теменовтің мәліметінше, биыл конгреске әлемнің елу елінен жүз шақты өкіл қатысады. Форумға ұлы имам Әл-Азхара Ахмед Әл-Тайеб, Волоколам митрополиті Антоний, Мәскеу патриархатының сыртқы байланыс бөлімінің басшысы, Израильдің ашкеназилік бас раввині Давид Лау, Израильдің сефардтық бас раввині Ицхак Йосеф және Иерусалимдік патриарх III Феофил қатысады.
Рим папасы Франциск Қазақстанға сапары барысында Ресейдің Украинаға басып кіруін ақтауға тырысқан Мәскеу және бүкіл Русь патриархаты Кириллмен кездескісі келген, алайда Ресей православ шіркеуінің басшысы бұл конгреске келуден бас тартқан.
Бейбітшілік сапарына аттанатынын хабарлаған уақытта Рим папасы Франциск "Жаратқан оған жұбаныш пен үміт сыйлау үшін" украин халқына дұға етуді тоқтатпауға шақырды.
Әлем және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі алғаш рет 2003 жылдың қыркүйек айында Астанада өткен. Содан бері әр үш жыл сайын өткізіп тұруға шешім қабылданған. Биыл VII-отырысы өтпек.