13 cәуірде тарихшы Жұмамұрат Шәмші президент әкімшілігі мен парламент кеңсесіне Қытай қазақтарының әлеуметтік ахуалына көңіл бөлуді сұраған хат тапсырды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен парламент депутаттарының атына жазылған хатта авторлар Қытайдың Шыңжаң аймағындағы Іле Қазақ автономиялық округінде қазақтардың "Covid індетіне байланысты енгізіліген шектеу кесірінен қиындық көріп жатқанына" алаңдайтынын жеткізген.
Хатқа Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек сияқты ақын-жазушылармен қоса Рысбек Сәрсенбайұлы, Сейдахмет Құттықадам сияқты саясаткерлер мен қоғам белсенділері қол қойған делінеді. Олар Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Нұр-Сұлтанға сапары қарсаңында Шыңжаңдағы қазақтар мәселесіне көпшіліктің назарын аударуды қалайды.
"Жеткен деректерге қарағанда, Іле Қазақ автономиялық округінің орталығы Құлжа қаласынан бастап барлық аудандарда барлық сауда орындарында екі айдан бері азық-түлік таусылған, жұмыс орындары жұмыстарын тоқтатып, карантинде халық ешқайда шыға алмай, үйлерінде қамалған" делінген хатта. Авторлардың жазуынша, соңғы кездері ондағы жұрт аштыққа ұшырап, дұрыс ем қабылдай алмай жатыр деген ақпарат Қытайдың WeChat әлеуметтік желісінде көп таралып жатыр.
"2020 жылдың басында Қытайда тараған Covid індетіне байланысты Қазақстан-Қытай шекарасы жабылып, содан бері Қытайдағы қандастарымыз Қазақстанға келе алмай қалды. Қазақстан үкіметі жақында Қытай азаматтарына 14 күнге визасыз кіруге рұқсат бергенімен, Қытай үкіметі ол жақтағы қазақтарды Қазақстанға жібермей отыр" делінген хатта. Авторлар Қазақстан президентінен Қытай төрағасымен кездесуде осы мәселені көтеруді сұрайды.
Азаттық хатта көрсетілген деректердің рас-өтірігін өз бетімен тексере алмады.
Нақтыланбаған деректерге қарағанда Қытайдың Шыңжаң аймағында 2 миллионға жуық қазақ тұрады.
Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары қарсаңында Пекин ресми түрде "саяси үйрену лагерлері" деп атаған Шыңжаңдағы қамау орындарына жазықсыз қамалған туыстарының жайын айтып, дабыл қағып жүргендер ұсталып жатыр.
12 қыркүйекте полицейлер Қытайдан Шыңжаңдағы жақындарын елге қайтаруды талап етіп жүрген Халида Ақытхан, Гауһар Құрманәлиева және Гүлфия Қазыбекті Шымкентке кетіп бара жатқанда автобустан түсіріп алған. Кейін оларға Әкімшілік кодекстің 488-бабы (Бейбіт митинг өткізу заңын бұзу) бойынша іс қозғалғаны айтылды.
10 қыркүйекте Алматының Медеу аудандық соты Шыңжаңда қалған жақындарына араша сұрап, Қытайдың Қазақстандағы консулдығы мен елшілігіне барып жүрген Ақиқат Қалиолла мен Байболат Күнболатұлын "бейбіт митинг ережесін бұзды" деген айыппен 15 күнге қамаған.
Пекиннің Шыңжаңдағы қазақтарға қысым көрсетіп жатқаны туралы Қазақстанда 2017 жылдың сәуірінен бері айтыла бастады. Сол кезден бастап қазақтардың діни құқықтарының шектелгені, шетелге шығу үшін төлқұжат берілмей жатқаны, саяси лагерьлерге қамалғаны туралы ақпараттар тарады.
Қытайды экономикалық серіктес санайтын Қазақстан Пекиннің Шыңжаңдағы саясатына қатысты ресми мәлімдеме жасамаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Әкемнің жерленген жерін білмеймін, анам мен інілерімнен хабар жоқ". Шыңжаңдағы жақындарын іздеген музыкант"Шекарадан асқан бойда қолымызға кісен салды". Шыңжаң түрмесінде болған қырғыз қыздың әңгімесі"Қытайдан шығармай отыр". Шекараның екі жағында қалғандар туысымен қауышуды күтіп жүр