Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесу барысында Шыңжаңдағы мұсылмандардың қудалану мәселесі талқыланбайтынын айтты. 14 қыркүйекте Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министр осылай деді.
Оның айтуынша, келіссөз барысында негізінен “екі жақты қарым-қатынас, сауда, экономикалық мәселелер” сөз болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай өңірдегі позициясын нығайтқысы келеді". Си Цзиньпин Қазақстанға не үшін келе жатыр?Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары 14 қыркүйекте басталады. Ақорданың дерегінше, тараптар Қазақстан-Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мәселесін талқылайды. Кездесуден кейін президенттер Самарқандта өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне барады.
Қытай басшысының Қазақстанға сапары қарсаңында Пекин ресми түрде "саяси үйрену лагерлері" деп атаған Шыңжаңдағы қамау орындарына жазықсыз қамалған туыстарының жайын айтып, дабыл қағып жүргендер ұсталып, қысым үдеген. Қытайды экономикалық серіктес санайтын Қазақстан Пекиннің Шыңжаңдағы саясатына қатысты ресми мәлімдеме жасамаған.
- Пекиннің Шыңжаңдағы қазақтарға қысым көрсетіп жатқаны туралы Қазақстанда 2017 жылдың сәуірінен бері айтыла бастады. Сол кезден бастап қазақтардың діни құқықтарының шектелгені, шетелге шығу үшін төлқұжат берілмей жатқаны, саяси лагерьлерге қамалғаны туралы ақпараттар тарады.
- Халықаралық қауымдастық Пекиннің Шыңжаңдағы түркі тілдес мұсылмандарға қысымын айыптап, кейбір елдер "геноцидке" теңеген. Пекин қысымды жоққа шығарып, "елдің ішкі ісіне араласпауға" үндеген.