Алматы қаласы әкімдігі президент сайлауына қарсылық білдірмек болған белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермеді. Бұл жөнінде құқық қорғаушы, белсенді Ерлан Қалиев Фейсбук парақшасында хабарлады.
Ерлан Қалиевтің жазуынша, бұған дейін белсенділер 17 қыркүйекте сағат 12.00-15.00 аралығында Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда митинг өткізетінін айтып, "Қазақстанның демократиялық күштер коалициясы" атынан әкімдікке ескерту хат тапсырған. Алайда 14 қыркүйекте әкімдік ескертуді кері қайтарып, алдағы сенбіде ол жерде "қоғамдық-мәдени шара өтетінін" айтқан.
Құқық қорғаушының парақшасында әкімдік хаты да жарияланды. Оған қалалық қоғамдық даму басқармасы жетекшісі міндетін атқарушы Айдар Есенбеков қол қойған.
Ерлан Қалиев әкімдік әрекетін сынап, бейбіт жиын туралы заңды көп мақтаған билік "тіпті сол заңда жазылған міндеті процедуралардың өзін орындауға күш салмай отыр" деп жазды.
Сәрсенбі күні Азаттық тілшісі Алматы қаласы әкімдігінен жауап ала алмады.
Әкімдікке тапсырған хатта белсенділер азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мәселесін қозғайтынын атап өткен. Сәйкесінше митингіде кезектен тыс президент сайлауын өткізбеуді және президент мерзімін жеті жылға созбауды талап ететінін айтқан. Бұған қоса, саяси тұтқындарды босатуды және сайлау туралы заңнамаға нағыз өзгерістерді енгізу мәселесін қозғайтынын хабарлаған.
- 1 қыркүйектегі жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күзге кезектен тыс президент сайлауын тағайындап, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынған еді. Ізінше бірқатар қоғам белсенділері мен саясаткерлер, құқық қорғаушылар Демократиялық күштер коалициясын құрғанын мәлімдеп, сайлауға қарсы шыққан. Десе де, оппозиция атынан ортақ кандидат шығару мәселесін қарастыратынын айтқан. Кейбір сарапшылар мерзімінен ерте сайлау өткізу арқылы Тоқаев өз билігін нығайтқысы келеді деп санайды.