"Самұрық-Қазына" АЭС құрылысы жобасын жүзеге асыра бастағанын мәлімдеді

АЭС салынады деген Үлкен көлінің маңы.

Қазақстанда атом электр станциясы жобасының құрылысы басталды. Бұл жөнінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Алмасадам Сәтқалиевке сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері жазды.

"Болжамды энергетика теңгерімі 2032 жылға қарай елге қуаты 2400 мегаватқа дейінгі атом электр стансасын салу қажеттігін көрсетті. Біздің қор үкіметтің басшылығымен аталған жобаны іске асыруға кірісті. Бұл бағыттағы жұмыс туралы мүдделі тұлғалар, журналистер және қоғам алдында баяндап отыратын боламыз" деді Алмасадам Сәтқалиев 15 қыркүйекте орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында. Оның сөзінен "Власть" сайты үзінді келтіреді.

Сәтқалиевтің айтуынша, "аталған жоба халықаралық инвесторлар тобының" көмегімен жүзеге асырылмақ. Олар "ең озық технологияларды" қолдану жағын қарастырмақ.

"Самұрық-Қазына" басшысының сөзіне қарағанда, ресейлік "Росатом", қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation), кореялық KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясы, француздың EDF (Électricité de France) компанияларының ұсыныстары қаралады.

"Әрқайсысының артықшылықтары мен кемшіліктері бар, халықаралық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі де бар" деді Сәтқалиев.

  • Қазақстанда даулы тақырыптардың біріне айналған АЭС мәселесі туралы билік сақтықпен мәлімдеме жасайды. Екі жыл бұрын Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Тоқаевпен кездесуде Қазақстанда "ресейлік технология" бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқаннан кейін ақпарат Қазақстан қоғамында ірі резонанс тудырған. Бұған дейін билік АЭС салу мәселесінде қоғамның пікірін ескеретінін айтқан. Алайда АЭС мәселесіне қатысты сауалнама жүргізілгені немесе қоғамдық тыңдау өткені жайлы ақпарат болған жоқ. 2021 жылғы желтоқсанда "Самұрық Қазына" ұлттық компаниясы "Росатоммен" келіссөз жүріп жатқанын растаған.
  • Биыл маусым айында энергетика министрі Болат Ақшолақов АЭС Алматы облысындағы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында салынатынын айтқан. Болжам бойынша, жоба құрылысына бес миллиард доллар жұмсалуы мүмкін.
  • Былтыр қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр" деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан.
  • Халықаралық энергетика саласының сарапшылары және бірқатар жергілікті мамандар АЭС жобасын "қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, тым қымбат" және ғаламдық жылынумен күресте "тиімсіз құрал" деп атаған.