GGG жеңілсе де, рингке "оралмақ". Головкин мен Альварес жекпе-жегі қалай өтті?

12-раундқа созылған жекпе-жекте үш төреші де жеңісті мексикалық боксшыға берді: 116-112, 115-113 және 115-113. 
 

Барлық раундта 32 жастағы Канело 40 жастағы Головкиннен бір бас жоғары болды. Жекпе-жекте Канелоның соққылары дәлірек, қорғанысы мығымырақ болды.

Осылайша мексикалық боксшы екінші орта салмақта (76,2 келі) IBF, WBC, WBA Super және WBO чемпиондық атақтарын қорғап қалды. Ал бұл – Головкин үшін екінші орта салмақта өткізген алғашқы жекпе-жегі болды. Ол осыған дейінгі жекпе-жектерінің бәрін орта салмақта (72,5 келі) өткізген еді.

Головкин-Альварес осымен үшінші рет кездесті. 2017 жылы тең түскен, ал 2018 жылы төрешілер шешімімен Альварес жеңіске жеткенЕкінші жекпе-жектің нәтижесіне жанкүйерлер тарапынан күмән да туындаған еді. Головкин 2018 жылғы жекпе-жекте жеңілген соң орта салмақта (72,5 келі) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылған. 

Сарапшылар мен букмекерлік кеңселер жекпе-жек алдында Канелоны фаворит деп атаған. 

Сонымен Альваресте 58 жеңіс, екі тең, екі жеңіліс болды. Ал Головкин кәсіпқой бокстағы карьерасында екінші рет жеңілді. Оның еншісінде 42 жеңіс, бір тең жекпе-жек бар.

Бұл жекпе-жектің алдында, биыл 9 сәуірде, Головкин Токиода жапониялық Рита Муратаны жеңіп, орта салмақтағы IBF, IBO нұсқасы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды және Муратаның иелігіндегі WBA Super белдігін алған. Головкин бұл жолы Альварестен жеңілсе де орта салмақтағы IBF, IBO және WBA Super тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болып қала береді. Себебі Головкин-Альварестің үшінші кездесуі екінші орта салмақта болды.

Жекпе-жектен соң екі боксшы бір-біріне алғыс айтты. Головкин кездесуден соң "Менде жоспар көп. Орта салмақта үш чемпиондық белбеуім бар екенін ұмытпаңыздар. Мен ораламын" деді. 

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен үшінші рет жекпе-жекке шығып, төрешілер шешімімен жеңілді. Лас-Вегас, 18 қыркүйек 2022 жыл.