Тәжікстан мен Қырғызстан бір-бірін "әскери агрессия жасады" деп тағы да айыптады. Екі ел билігі шекарадағы қақтығыс кезінде өлген адамдары туралы жаңа мәліметтерін жариялады.
Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі 18 қыркүйектегі мәліметтер бойынша Баткен ауруханасына тағы 13 адамның денесі жеткізілгенін мәлімдеді. Осылайша қақтығыс құрбандары 59 адамға жеткен, оның ішінде 15 жасар қыз да бар.
144 адам жараланып, ауруханаға түскен. Олардың көбі Бішкек пен Оштың ауруханаларына жеткізілген. Ресми хабарға қарағанда, 140 мың адам қауіпті аймақтан көшірілген.
18 қыркүйекте Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Тәжікстанның 32 адамы өлді, оның көпшілігі - бейбіт тұрғындар деп жариялады. Бұған дейін Азаттықтың Тәжік редакциясы — Радио "Озоди" 14-16 қыркүйектегі қақтығыс кезінде Тәжікстанның 39 азаматы өлгенін хабарлаған. Бұл мәліметтерді өзге тәуелсіз дереккөздерден анықтау мүмкін болмай тұр.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігі "Қырғызстан қарулы күштері тек қана қорғанғанын" мәлімдеді.
16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында ірі қақтығыс болған. Екі тарап "жанжал бастады" деп бірін-бірі айыптаған. Қақтығыс кезінде бірнеше рет келіссөз жүріп, екі тарап оқ атуды тоқтатуға уағдаласқанымен шекарадағы атыс қайта жалғаса берген. Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай жарияланған.
Қырғызстан 19 қыркүйекті Ұлттық аза күні деп жариялады.
Қырғыз-тәжік қақтығысы 14 қыркүйекте Тәжікстанның Исфара және Бободжон Гафуров аудандары мен Қырғызстанның Баткен облысы шектескен тұста басталып, көп ұзамай Тәжікстанның Лахш ауданы мен Қырғызстанның Ош облысы арасындағы шекараға ұласқан.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 970 шақырым шекараның басым бөлігі әлі күнге нақты белгіленбеген. Осыған байланысты екі ел халқы мен шекарашылары арасында су мен жерге байланысты жиі қақтығысып келеді.