Астана тұрғыны алдағы президент сайлауына қарсылық акциясын өткізді

Алдағы президент сайлауына қарсылық білдіріп, пикетке шыққан зейнеткер Ибрагим Қозыбаев. 19 қыркүйек, 2022 жыл.

19 қыркүйекте Астанадағы Үкімет үйі алдына зейнеткер Ибрагим Қозыбаев алдағы президент сайлауына наразылық білдіріп, пикетке шықты. Ол "Квази сайлауға қатысу - алаяқтық әрекетке қатысумен тең" деген жазуы бар плакат ұстап жарты сағаттай тұрды. Оны бірнеше полицей мен арнайы жасақ сыртынан бақылап, сурет пен видеоға түсіріп алды.

Жасы сексенді алқымдаған Ибрагим Қозыбаев бұл пикетке 17 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституцияға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойғаннан кейін шыққанын айтады.

- Бізді алдап отыр. Жақсы өзгеріс жоқ. Оппозициялық партияларға, жеке адамдарға ойын еркін айтуға, митингке шығуға, партияларды тіркеп, президенттікке қатысатын кндидаттарға қойылатын шарттарды жоюды, сайлануға мүмкіндік беруді талап етемін. Тыныш өлгенше осыны айтамын деп келдім,- дейді ол.

78 жастағы Ибрагим Қозыбаев бұған дейін ақпан айында да жеке пикетке шығып, астана атауын өзгертуді, оны Ақмола деп атауды талап еткен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен сенбіде конституцияға президенттік мерзімді жеті жылдық бір мерзіммен шектеу, Астана атауын қайтару және конституциялық сот судьяларының өкілет мерзімін 8 жылға ұлғайту туралы түзетулерге қол қойған. Бұл заң жобасын жұмада парламенттің қос палатасы мақұлдаған.