Түркияның аса ірі Iş Bankası банкі Ресейдің "Мир" төлем жүйесімен жұмысын уақытша тоқтатқан. Бұл жөнінде "Медуза" басылымы Bloomberg агенттігіне сілтеп хабарлады.
Мұнан өзге DenizBank те Ресейдің "Мир" картасымен операция жасауды доғарған. Мұны РИА "Новости" жазды.
Бірқатар БАҚ-тар Түркияның бірнеше қонақ үйі "Мир" картасын қабылдамай жатқанын атап өткен. Ресейдің туроператорлар ассоциациясы Түркияға баратын туристерге өздерімен нақты валюта алып жүру жөнінде кеңес берген.
Қазір Түркияның Vakıfbank, Ziraat Bank, Iş Bank және Halkbank секілді ірі банктері Ресейдің "Мир" картасымен жұмыс істеп отыр, бірақ олар да алдағы уақытта Рсесй картасынан бас тартпақшы.
Өткен аптада Американың Financial Times басылымы АҚШ пен Еуропа одағы Украинағы басып кіргені үшін салынған санкциядан айналып өтуге мүмкіндік беретін "Мир" төлем жүйесімен әріптестігі үшін Түркияға қысым жасап жатқанын хабарлаған.
АҚШ мемлекеттік департаменті Түркияда ғана емес, Кавказ бен Орталық Азия елдерінде де Ресейге салынған санкциядан айналып өтетін әрекеттерге жол бермейтінін мәлімдеген.