Астанада бірнеше күннен бері Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, бизнесмен Қайрат Сатыбалды мен тағы төрт адамның ісі бойынша сот өтіп жатыр.
Сатыбалды "Қазақтелеком" акционерлік қоғамынан заңсыз жолмен 12,7 млрд теңге, "Қазақстан теміржолы" компаниясына тиесілі "Көліктік сервис орталығынан" 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған.
Кеше, 20 қыркүйек күнігі сотта Сатыбалды кінәсін мойындап, жәбірленуші тарапқа – "Қазақтелеком" және "Көліктік сервис орталығы" компанияларына барлық шығынды өтегені, тараптардың медиациялық келісімге келуге ниетті екені айтылған. Бірақ бүгінгі отырыста "Көліктік сервис орталығы" компаниясының өкілі келісімге келуден бас тартқанын жеткізді. Дегенмен сотта әлі де медиация мәселесі қаралып жатыр.
"Медиация туралы" заңның 2-бабына сәйкес, медиация деген – тараптардың ерікті келісімі бойынша өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен жүзеге асырылатын дауды реттеу рәсімі. Тараптар медиация нәтижесінде дауды реттеу туралы жазбаша келісімге келіп, оны судьяға ұсынады. Келісімнің заңды-заңсыздығын сот анықтайды.
Миллиардтаған ақшаны жымқырды, иемденіп алды деп айыпталған Қайрат Сатыбалды медиация келісімінен оңай бостандыққа шыға ма?
Азаттыққа сұхбат берген заңгерлер Сатыбалдыға тағылған айыптар ауыр қылмыс санатына жататындықтан істі медиациялық келісім жолымен шешу мүмкін емес дейді.
"СУДЬЯ МЕН ПРОКУРОРДЫҢ САУАТСЫЗДЫҒЫ"
Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің "Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру" (195-бап), "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" (189-бап) бабы бойынша айып тағылған. Бұлар ауыр қылмыстар санатына жатады.
Заңгер Абзал Құспанның айтуына қарағанда, мұндай жағдайда мәселені медиациялық келісім жасау арқылы шешу мүмкін емес.
– Қылмыстық кодекстің 11-бабына сәйкес, қылмыс төрт санаттан тұрады: онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр. Ал "Медиация туралы" заңға сәйкес, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша медиациялық келісім жасау мүмкін емес. Сатыбалды сотында тараптар медиациялық келісім жасау туралы ұсыныс берген болса, судья оны бірден қараусыз қалдыруы керек еді. Судьяның медиациялық келісім туралы өтніш хатты қарастыруы, оған байланысты прокурордан пікір сұрауы, прокурордың уақыт сұрауы судья мен прокурордың сауатсыздығын көрсетіп тұр. Өйткені оған тағылған айыптар ауыр қылмыс санатына жатады, – дейді Абзал Құспан.
Оның пайымдауынша, судья Қайрат Сатыбалдының экс-президент Назарбаевқа жақындағынан сескеніп, медиациялық келісім мәселесін қарастырып отырған болуы мүмкін.
Адвокат Бауыржан Азанов та Абзал Құспанның сөзін қолдайды. Қайрат Сатыбалдыға тағылған айыптар бойынша медиациялық келісімге келу мүмкін емес болғанымен, тараптардан істі медиациялық келісіммен шешу туралы өтініш хат түссе, судья оны қарастыруға міндетті дейді ол.
– Тараптар өзара медициялық келісімге келіп, өтініш түсірген соң сот келісімді толық тексереді. Қылмыстық іс медиациялық жолмен шешуге жататын-жатпайтынын анықтайды. Егер медиациялық келісімге сәйкес емес болса, өтінішті терістеп, қаулы шығарады, – дейді Азанов.
Қайрат Сатыбалды ісі бойынша сот 16 қыркүйекте басталды. Ол Қылмыстық кодекстің 195-бабы ("Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру") және 189-бабы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу") бабы бойынша айыпталып жатыр.
Бұдан бөлек, оның үстінен "салық пен кеден төлемдерінен жалтарды, қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды" деген айыппен қосымша тергеу жүріп жатқанын хабарланған. Бірақ тергеу нәтижесі әлі белгілі болған жоқ.
НАЗАРБАЕВ ӘУЛЕТІНДЕГІЛЕРДІ ҰСТАУ
Қайрат Сатыбалды – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын туыстары арасынан істі болған алғашқы адам. Ол биыл 13 наурызда Дубайға ұшқалы тұрған жерінде ұсталып, содан бері қамауда отыр. 17 наурызда оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" күдігі бойынша қамауға алынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев тұсында байығандар, "террористер" және кезекті аста-төк уәдеҚаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреп, туыстары мен жақын серіктері билік маңынан аластатылды. Мәселен, бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева мәжіліс депутаты мандатын тапсырып берсе, оның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаев QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен кетті. Кіші қызы Әлия Назарбаева бақылайтын "Оператор РОП" компаниясының үстінен іс қозғалып, оның күйеуі Димаш Досанов "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов орнынан алынды. Бұған қоса Назарбаевтың экс-құдасы Қайрат Боранбаевтың үстінен "аса ірі көлемде қаржы жымқырды" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Кейін Сатыбалдының інісі Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі биыл тамызда Қайрат Сатыбалды ісінде "тергеу барысында жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден астам қаржы немесе 500 миллион долларға тең заңсыз сатып алынған активтер мемлекетке қайтарылғанын" хабарлаған. Ал сәуірде Сатыбалды "Қазақтелеком" акцияларының 29 пайызын мемлекетке еш ақы алмастан қайтарғаны хабарланды.
Одан бөлек, жемқорлықпен күрес агенттігі айыпталушылардың заңсыз активтері іздестіріліп жатқанын, Қазақстан мен шетелден жалпы сомасы 400 миллиард теңге немесе 900 миллион АҚШ долларына тең қаражат жақын арада мемлекетке қайтарылатынын айтқан.
Қайрат Сатыбалдының Қаңтар оқиғасына қатысы бар-жоқтығы анықталып жатқаны да айтылған.
17 наурызда оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" күдігі бойынша Нұр-Сұлтанда қамауға алынды. Оған универсиада нысандарын жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырды деген де айып тағылды.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, 51 жастағы Қайрат Сатыбалды "Kaspi.kz" АҚ негізгі акционері болды. Ол әр жылдары мемлекеттік қызметте істеді. 2000 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, "KazakhOil" компаниясының вице-президенті, "Қазақстан темір жолы" компаниясының бірінші вице-президенті болды. 2010-2015 жылдары президенттіктен кетсе де, билікке ықпалын сақтауға тырысқан ағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған "Нұр Отан" партиясында хатшы болды.
Биыл қаңтарда жарық көрген зертеуінде Азаттық Люксембургтің LRB реестріндегі дерекке сүйеніп, Қайрат Сатыбалдының Skyline Investment Company S.A. офшор фирмасының жалғыз құрылтайшысы екенін жазған.
Forbes Kazakhstan журналаның есебінше, 52 жастағы Қайрат Сатыбалды – Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің бірі. Басылым 2018 жылы оның байлығын 163 млн доллар деп есептеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың астанадағы аралы. Жайлаудағы резиденция. Жекеге өткен Үшқоңыр