22 қыркүйекте сенат "Мерекелер туралы заңға" өзгеріс енгізіп, 1 желтоқсанда тойланатын тұңғыш президент күнін мемлекеттік мереке тізімінен алып тастауды мақұлдады.
Парламенттің жоғарғы палатасы бұған қоса, 25 қазан Республика күнін қайтарып, ұлттық мереке статусын беруді де қолдады. Ал 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке статусына түсті.
Аталған түзетулерге енді президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қоюы тиіс.
Бұған дейін бұл түзетулерді мәжіліс мақұлдаған еді.
- Қазақстанда тұңғыш президент күні 2011 жылдан бері атап өтіліп келген. Депутаттар бұл датаны елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "мемлекет алдындағы еңбегін таныту мақсатында" мемлекеттік мереке деп жариялаған еді.
- Ал 1990 жылғы 25 қазанда егемендік декларациясы жарияланған күн елде 2009 жылға дейін "Республика күні" ретінде аталып келген еді. Кейін бұл мереке қоғам қарсылығына қарамастан күнтізбеден алынған.
- Ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан соң экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреп, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейді. Содан бері елде "Назарбаев атауларынан арылу" тенденциясы байқалады. Өткен аптада Қазақстан астанасы "Нұр-Сұлтан" атауын өзгертіп, Астана боп бұрынғыша атала бастады.
Your browser doesn’t support HTML5