26 қыркүйекте Ижевск қаласындағы орта мектепке атыс қаруымен шабуыл жасалды. Удмуртия бойынша ішкі істер министрлігі алты адам қаза тауып, жиырма адам жараланған деп хабарлады. Кейінірек Ресей тергеу комитеті таратқан ақпаратта мектепке шабуыл салдарынан 11 оқушы, 2 мұғалім, 2 күзетші - барлығы 15 адам қаза болды деп көрсетілген.
Удмуртия басшысы Александр Бречалов "мектепке қарумен басып кірген ер адам өз-өзін атып тастаған" деп хабарлады. Ресей тергеу комитеті шабуылды осы мектепте оқыған 34 жастағы ер адам жасады деп мәлімдеді. Бречаловтың сөзінше, шабуыл жасаған деген күдікке ілінген адам психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрған.
Baza және "112" телеграм-каналдары мектепте қара киім киген ер адам оқ атқан деп жазды. Оның не үшін мектепке басып кіргені әзірге белгісіз.
Телеграм-каналдар ер адам әуелі күзетшіні өлтіріп, кейін сыныпқа кіріп, балаларды атқан деп хабарлады.
Желіде тараған видеолардан мектеп маңында полиция, жедел жәрдем көліктері мен арнаулы киімдегі адамдар байқалады. Видеолардан мектептен оқушылар шығарылып жатқаны да көрінеді.
Baza телеграм-каналы мектепке шабуыл жасаған адамның қолында екі Макаров тапаншасы болған дейді. Мемлекеттік дума депутаты Александр Хинштейн қылмыскер әскери оқ атуға ыңғайлы етіп өңделген травматикалық тапанша қолданған деп айтты. Бұған қоса күдікті нацистік символикасы бар қысқа жейде мен күләпара киген деген хабар тарады. Әзірге бұл ақпаратты ресми орындардан анықтау мүмкін болмады. Ресей тергеу комитеті қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ижевскідегі 88-мектептің сайтындағы ақпарат бойынша, 982 шәкірт оқитын білім мекемесінде 80 мұғалім жұмыс істейді.
Көп адамның қаза табуына байланысты Удмуртия үш күн аза тұтады.
- Ресей Украинадан аннексиялап алған Қырымдағы Керчь қаласында 2018 жылғы 17 қазанда жергілікті политехника колледжінде жарылыс болып, қарудан оқ атылған. Ресей билігі "шабуылды 18 жастағы студент Владислав Росляков жасады" деп хабарлады. Барлығы 21 адам (арасында Росляков та бар) қаза тапқан. Құрбан саны бойынша бұл қылмыс Еуропаның жаңа тарихында білім мекемесінде болған ең ірі қантөгіске жатады.
- 2021 жылы мамырда Ильназ Галявиев Татарстан астанасы Қазан қаласындағы 175-гимназияға атыс қаруымен шабуыл жасап, тоғыз адамды өлтірген. 24 адам жараланды.
- 2021 жылғы 20 қыркүйекте Тимур Бекмансұров Пермь мемлекеттік ғылыми-зерттеу университеті кампусында оқ атып, алты адам қаза болған.
- 2021 жылы қазанда Пермь маңындағы Сарс кентінде мектепке аңшы мылтығын әкеліп, төбе мен қабырғаға оқ атқан 12 жастағы жасөспірім ұсталған. Ешкім зардап шекпеген.