ІІМ Ахметжанов: Қазақстан Ресей комиссариаттары іздеген Ресей азаматтарын ұстап бермейді

Қазақстан ішкі істер министрі Марат Ахметжанов

Қазақстан Ресей әскери комиссариаттары іздеп жатқан Ресей азаматтарын ұстап бермейді, өйткені олардың үстінен қылмыстық іс қозғалмаған. Бұл туралы бүгін, 27 қыркүйекте өткен брифингте ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бергенде айтты. Азаттық тілшісі: "Егер Қазақстанға келген Ресей азаматтарын Ресей әскери комиссариаттары іздейтін болса, Қазақстан қалай әрекет етеді" деген сұрақ қойған.

Ішкі істер министрі Қазақстан мен Ресей арасына өзара құқықтық көмек көрсету, сотталғандарды айырбастау және қылмыскерлерді экстрадициялау туралы келісім бар екенін еске салды.

— Ең басты қағида, қандай да бір ел екінші елге беру үшін қылмыстық жазаға тартылған адам болуға тиіс. Мұнан өзге, халықаралық іздеу жарияланса да Қазақстан экстрадиция тәртібімен Ресейге бере алады. Әскери комиссариаттардың іздегені – оларды беруге құқықтық негіз бола алмайды, - деді Ахметжанов.

Бұған дейін Ресей ішінара мобилизацияға жарамды азаматтарының елден шығуына тыйым салуы мүмкін деген ақпарат тараған. "Вёрстка" басылымы дереккөздерінің айтуына қарағанда, Ресей билігі әскерге жарамды азаматтарының жаппай шетелге кете бастағанына алаңдап отыр.

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты ішінара мобилизация жариялаған. Осыдан кейін мобилизацияға ілінуі мүмкін Ресей азаматтары жаппай шетелге кете бастаған.

Бүгінге брифингтегі мәліметке қарағанда, 21 қыркүйектен бері Қазақстанға Ресейдің 98 мың азаматы келген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 64 мың адам Қазақстаннан қайта шығып кеткен. Қыркүйектің 21-інен бері Қазақстан резиденті емес 8 мың адам ЖСН алған.

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап Ресейдің 93 045 азаматы Қазақстаннан ЖСН алған. 1 сәуірден бері Ресейдің 4271 азаматы тұрақты тұруға рұқсат алған, оның 116 – сы этникалық қазақтар. Осы уақыт ішінде Қазақстан азаматтығын рәсімдеуге 441 адам құжат тапсырған, оның 117-сі Ресейден келген қазақтар.