Сенбі, 8 қазанда таңертең Керчте Қырым көпірінде жарылыс болды. Бұл жөнінде Kerch.fm порталы хабарлады. Жергілікті тұрғындар оқиға орнынан фото, видео жариялады.
Kerch.fm сайтының жазуынша, жолдағы жүк пойыздарын өрт алған. Жолдың бір бөлігі құлаған.
"Қырым темір жолы" федералдық кәсіпорны "жүк пойызының соңындағы отын цистернасы өртенгенін", себебі анықталып жатқанын айттты.
Түбектегі Ресей билігінің айтуынша, көпірде жол қозғалысы тоқтаған, оның аркалары бүлінбеген. Керчь түбегінде кемелер жүріп жатыр, көліктерге паромдардан өткел дайындалып жатыр.
Аннексияланған Қырым басшысының кеңесшісі Олег Крючков өрт сөндіріліп жатқанын, көпірде жүргізушілерге арналған тамақтану пунктері мен жылыну орындары ашылғанын айтты. Қолда бар мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Ресей тергеу комитеті "Қырым көпіріндегі оқиғаға байланысты" қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Комитет өкілдері қандай бап бойынша іс қозғалғанын нақтыламады, бірақ "тергеушілер қылмысқа қатысы бар азаматтарды анықтап жатыр" деді.
Путин 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін бірден Қырым көпірін салуды тапсырған. Көпірдің ашылуы 2018 жылы мамырда өтті. Ашылу рәсіміне Ресей президенті қатысты, шараны Ресейдің мемлекеттік арналары тікелей эфирде көрсетті.
"Ведомости" газетінің жазуынша, 2017 жылы ақпанда жобаның жалпы құны 300 млрд рубльден асуы тиіс болған.
Қазір Қырым көпірін Ресей Украина оңтүстігіндегі армиясын жабдықтармен қамтамасыз ету үшін пайдаланып жатыр.