Бүгін, 10 қазанда Украина астанасы Киев қаласында бірнеше жарылыс болды, жарылыс қаланың әр өңірінде жалғасып жатыр. Бұл жөнінде DW арнасы ресми дереккөздерге сүйеніп хабарлады.
"10 қазанда таңертең Киевте кемі екі жарылыс болды, өлгендер бар" дейді басылым.
DW таратқан мәліметке қарағанда, Украина ішкі істер министрі кеңесшісі Ростислав Смирнов Киевтің Шевченко ауданындағы жарылыстан 8 адам қаза тауып, 24 бейбіт адам жараланғанын хабарлаған.
DW телеарнасы Днепр, Житомир, Тернополь, Львов қалалары да зымыранмен атқыланғанын жазып отыр.
Биыл 24 ақпанда Украина басып кірген Ресей Киев қаласын бірнеше күнде басып алатынын мәлімдеген. Бірақ Киевті ала алмай, кейінгі күндері Украинаның бірнеше облысының жерін "референдум" нәтижесі бойынша аннексиялаған.
Украина "референдум" нәтижесін мойындамайтынын, өз жерін азат еткенше тоқтамайтынын мәлімдеген. Қыркүйек айында Харьков облысын азат етіп, шабуылын жалғастырған. 21 қыркүйекте Ресей президенті Украинадағы соғысқа байланысты ішанара мобилизация жариялаған.
Өткен сенбі, 8 қазанда Ресей Украинадан 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегін Ресеймен жалғайтын көпір жарылып, бірнеше бетон жолы қираған. Батыс басылымдары бұл соққы Ресей президенті Владимир Путиннің жеке өзіне қатты тиеді деп болжаған.
Бұған дейін Ресей билігі "Қырым көпіріне шабуыл жасалса, жауап ауыр болатынын" бірнеше рет мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Қырым көпіріндегі жарылысқа Украинаны айыптады, Киев мойнына алған жоқ