Қаңтар оқиғасы кезінде омыртқасына оқ тиіп, екі аяғы сал болып қалған Семей тұрғыны Дәулет Мұқажанов бүгін Астанаға, бас прокуратураға келіп шағым түсірді.
- Бас прокуратураға түсірген шағымда екі талап қойдым. Біріншісі - билік мені Қаңтар оқиғасы кезінде атқан және одан кейін ұрып-соғып, азаптаған адамды тапсын, екіншісі – билік маған шетелде емделуге қаржы берсін,- дейді Дәулет Мұқажанов.
Семей қаласының белсендісі Дәулет Мұқажанов бас прокуратураға бірнеше серігімен келді. Прокуратура шағымды қабылдап алып, 15 күн ішінде жауап беретінін айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар оқиғасында оқ тиіп жараланған семейлік белсенді көмекке зәруДәулет Мұқажанов бұған дейін Қазақстанның омбудсмені Эльвира Әзімоваға хабарласып, өтініш жасаға, бірақ көңілі толатын жауап ала алмаған.
Қаңтар оқиғасынан кейін екі аяғынан әл кетіп, сал боп арбаға таңылған Дәулет Мұқажанов шетелде емделгісі келеді.
- Мені енді Қазақстанда емдей алмайды. Оны дәрігерлер айтты. Израильде емдеуге болады, оған 60 мың доллар керек екен, менде ондай ақша қайдан болсын,- дейді ол.
Қаңтар оқиғасынан бұрын отбасын өзі асырап жүрген белсенді бүгінде жұмысқа жарамай қалған. Оған өзінің айналасындағы достары мен тілеулестері 23 мың доллардан астам ақша жинап берген, жеңіл көлігін де сатқан. Бірақ ол қаржы Израиль клиникасында емделуге жетпейтінін айтады.
Биыл 6 қаңтарда Семейде билік күштері алаңға наразылық шарасына жиналған бейбіт халыққа оқ атқан. Арқасынан оқ тиген белсенді, 56 жастағы Дәулет Мұқажанов аса күрделі хирургиялық отадан кейін аяғын баса алмай қалған.
Дәулет Мұқажанов 2011 жылы желтоқсанағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін өз өңіріндегі қоғамдық істерге белсене араласас бастаған. 2022 жылғы қаңтарда Семей тұрғындарына видеоүндеу жариялап, газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылыққа шыққан Жаңаөзен халқын қолдауға шақырған.
Your browser doesn’t support HTML5