Ердоған Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтты. Тоқаев Ресейді айналып өтетін бағытқа тоқталды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Астанаға келген Түркия басшысы Режеп Ердоған. 12 қазан 2022 жыл.

Анкара бұдан әрі қарай да Қазақстанның егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдайды. Астанада жүрген Түркия басшысы Режеп Ердоған осылай деп мәлімдеді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары саммитіне келген Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізді.

Ердоған екі елдің "мәңгілік" бірлігі мен әріптестігі туралы айтып, Қазақстанды "бауырлас ел" деп атады. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.

Тоқаев та Түркияны "бауырлас" мемлекет деп атап, мамыр айында Анкараға барған сапары кезінде стратегиялық әріптестікті кеңейту туралы мәлімдемеге қол қойылғанын атап өтті.

Тоқаев Ресейді айналып өтетін, Қытай мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий тасымалдау бағытын дамытуға екі ел де мүдделі екенін мәлімдеді. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұл бағыт бойынша тасымалдау көлемі артқан. Көптеген коммерциялық компаниялар Ресейге қарсы енгізілген санкцияға ұшырамас үшін Ресейді айналып өтетін бағыттарды пайдалана бастаған.

Қазақстан, Каспий акваториясы, Әзербайжан, Грузия арқылы өтіп, Түркияға баратын, Қытай мен Еуропаны жалғайтын көлік дәлізі 2017 жылы іске қосылған. Қазақстан кейінгі айларда осы бағытты дамыту жөнінде мәлімдеп жүр. Маусымда Астана шикізат тасымалдау бағытын диверсификациялау жоспарын мәлімдеп, Транскаспийді "басым" бағыт деп атаған.

Сарапшылардың пікірінше, Түркия Орталық Азияда ықпалын арттырып, Мәскеу "ықпал ету аймағы" ретінде қарайтын түркітілді елдермен байланысын нығайту жолдарын іздеп жатыр.

Бұған дейін Ердоған мен Путиннің Астанада Украинадағы соғыс мәселесін талқылайтыны хабарланған.

Анкара Ресей мен Батыс арасында ара ағайын болу ниетін ашық білдірген. Алайда бір мезетте Украинаға қару-жарақ жеткізіп, Мәскеуге қарсы жаппай санкцияларға қосылмаған.

Анкара Украинаның территориялық тұтастығын мойындайды, бірақ Путиннің әрекетін ашық айыптамайды. Ердоған Киев пен Мәскеу арасында ара ағайын да болған. Өткен айда Түркияның қатысуымен Украина Путиннің құдасы Виктор Медведчукті Мариупольді қорғап, тұтқынға түскен украин жасағына алмастырған. "Азов" полкінің командирлері Анкараға берілген, келісім бойынша олар Түркияда қалады.

Ресей одақтасы Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеген және Украина аймақтарының аннексиясын мойындамаған. Бірқатар халықаралық сарапшылардың айтуынша, ресейлік саясаткерлер Қазақстанда "русофобия бар" деп айыптап, елді "денацификацияға" шақырып жатқан тұста Астана Мәскеуден өзін барынша алшақтатуға тырысып жатыр. Қазақстан маңызды ойыншылар мүдделері арасында баланс сақтауға күш салып отыр: өткен айда Астанаға келген Қытай басшысы Си Цзиньпин Қазақстанның "территориялық тұтастығын" қолдайтынын, "қандай да бір күштердің Қазақстанның ішкі ісіне араласуына" қарсы екенін мәлімдеген.