Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамның ісін қарай бастады. Оларға "Жаппай тәртіпсіздік", "Билік өкіліне күш көрсету", "Қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптар тағылған.
18 адамның ішінде ең ауыр айып тағылғаны - Нұрсұлтан Исаев. Ол "Билік өкіліне күш көрсетті" (380-1 бап, 2-бөлім) және "Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (272-бап, 2 бөлім) деп айыпталған. Бұған дейін айыпталушының туыстары прокуратураға шағымданып, Исаевтың қаңтар кезінде халықпен бірге алаңға шыққанын, ешқандай қылмыс жасамағанын айтқан. Исаевтың өзі тергеу изоляторында аштық та жариялаған.
Соттың алғашқы күні адвокаттар бірнеше айдан бері тергеу изоляторында отырған айыпталушылардың (төртеуі тергеу изоляторында отыр) бұлтартпас шарасын өзгертуді өтінді. Сот біреуінің өтінішін қанағаттандырды. Ол үйқамаққа шығарылды. Сот бұған қоса "үйқамаққа байланысты сыртқа шыға алмай отырмыз, отбасымызды асырауымыз керек" деген үш айыпталушының үйқамақ шарасын алып тастады.
Істе 39 жәбірленуші бар. Басым бөлігі – арнайы жасақ мен полиция қызметкерлері. Арасында Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе қалалық полиция басқармасын басқарған, қазір Мұғалжар ауданындағы ішкі істер бөліміне жетекшілік ететін Бауыржан Атабаев та бар. Қаңтар оқиғасы кезінде Атабаевтың қолы сынған.
Адвокаттардың сөзіне қарағанда, айыпталушылардың кейбірі тағылған айыптарды мойындамайды, кейбірі ішінара мойындаған, кейбірі толық мойындаған.
Істі судья Нұрлан Бақтығалиев қарап жатыр. 13 қазанда сот отырысы аудармашылардың болмауына байланысты үзілді. Адвокаттар орыс тілінде өтіп жатқан сот процесіне қазақ тіліне аударатын аудармашылар қажеттігін алға тартты. Келесі отырыс 14 қазанда өтеді. Онда айыптау актілері оқылуы тиіс.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған 21 қылмыстық іс сотқа жеткен. Шілде айында Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бас бостандығын үш жарым жылға шектеген.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Бірі Файзулла Нұргелдин Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, бір айдан соң көз жұмған. Бұған дейін Ақтөбеде ұстау кезінде азапталдым деген азаматтардың шағымдары қаралмай жатқаны хабарланған.