Тоқаев бастамасының "мәнін кетірген" Путин, "позициясы әлсіреген" Ресей, "ықпалы күшейген" Қытай мен Түркия

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жағында) және Ресей басшысы Владимир Путин Азиядағы өзара ықпалдастық саммиті кезінде. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Астанада өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің саммитінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастаманың шырқын кетіргенін жазды. Сонымен қатар Украинадағы соғыс Қазақстанға Мәскеуге тәуелділіктен құтылуға жол ашқанын талдады. Басылымдар Путиннің позициясы әлсіреп жатқан тұста кімдер аймақтағы басты ықпалды көшбасшыларға айналғанына тоқталды.

ТОҚАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫ, ПУТИННІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ ЖӘНЕ ЕРДОҒАННЫҢ "ЕСКЕРТУІ"

Астанада 13 қазан күні өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кеңесті халықаралық аренада салмақты, елеулі орны бар толыққанды ұйымға айналдыру бастамасын көтерді. Eurasianet басылымы Ресей президенті Владимир Путин Астананың бұл ұмтылысының шырқын кетіргенін жазды.

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесіне кіретін 27 мемлекет, оның ішінде Қытай мен Үндістан Астананың диалог алаңын салмақты халықаралық ұйымға айналдыру бастамасын қолдады. Ресей президенті Владимир Путин де Астана жоспарын қолдаған. "Бірақ жиында сөйлеген Путиннің конспирологияға негізделген мәлімдемесі Тоқаевтың Азия елдерінің жетекшілеріне әлем байыппен қарап зер салса деген ұмтылысының мәнін кетірді" дейді мақала авторы, Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис.

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің отырысы. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Путин өз мәлімдемесінде Мәскеу осыдан отыз жыл бұрын ойлап тапқан Ресейді жоюға бағытталған делінетін "алтын миллиард" жайлы конспирология теориясын келтірді. Путин "әлем көпполярлы болып келеді", Азияда "жаңа күш орталықтары" пайда болды дей келе, "алтын миллиардқа" "басқалардың есебінен өмір сүруге мүмкіндік беретін әлемдік қаржы жүйесінің принциптерін қайта қарастыру керек", − деді.

Кремль бұл теорияны Украинаға басып кірген соң жиі айтып жүр. Ресей президентінің осы мәлімдемесін Washington Post басылымы түсіндірді. Газеттің жазуынша, бұл теория "Ресей Украинаға басып кіргендіктен емес, әлемдегі державалар өзіне қарсы сөз байласқандықтан оқшауда қалды" деген тұжырымға негізделеді.

Джоанна Лиллис кеңеске келген мемлекеттердің жетекшілері мен Тоқаев Украина туралы ашық айтудан тартынып, ғаламдық толқулар туралы сөз қозғаған тұста, Түркия президенті Ердоған әр ел Украинадағы дағдарыстың салдарын тартып жатқанын ашық мәлімдегеніне назар аударды. Ердоған Түркия мақсаты "қантөгісті неғұрлым тез тоқтату, себебі әділетті әлемдегі соғыста жеңгендер мен жеңілгендер болмайды" деп кесті.

Ердоған сонымен қатар Астанадағы сапарында Қазақстанның аумақтық тұтастығы, тәуелсіздігі мен тұрақтылығын қолдайтынын мәлімдеді.

Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Түркия президенті Режеп Ердоған Азиядағы өзара ықпалдастық саммиті үзілісі кезінде. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Өткен айда Қазақстанға келіп кеткен Қытай басшысы Си Цзиньпин Пекин "Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды" және оның ішкі істеріне "кез келген күштердің араласуына қарсы шығады" деген.

"Қазақстанның аумақтық тұтастығына ықтимал қауіп Ресейден төнуі мүмкін екенін ескерсек, Си мен Ердоғанның мәлімдемелері басқа елде соғыс жүргізіп жатқан Путинге жасалған ескерту іспетті", − деп қайырады Джоанна Лиллис.

РЕСЕЙГЕ "ТӘУЕЛДІ БОЛУДАН ҚҰТЫЛУ" ЖӘНЕ АЙМАҚТА ЫҚПАЛЫ АРТҚАН ҚЫТАЙ МЕН ТҮРКИЯ

Ұлыбританияда шығатын Financial Times басылымы Ресейдің Украинадағы соғысы Қазақстанға Мәскеуге тәуелділіктен құтылуға жол ашқанын жазды.

Қазақстан президенті Ресейдегі "ішінара мобилизациядан" қашып елге келген ресейліктерге қамқорлық көрсетіліп, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп мәлімдеген. Мақала авторы, Астанада тұратын журналист Полина Иванова Орталық Азия мен Кавказ елдерінің ресейліктерді қабылдауы олардың Ресейдің Украинадағы соғысынан алшақтау талпынысын көрсетеді дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өз елімізде мұндай қамқорлық көрмегенбіз". Қазақстанға қашқан Ресей азаматтарының әңгімесі

Автордың жазуынша, Астанадағы бизнес жетекшілері, үкіметтегі шенеуніктер мен Батыс дипломаттары Қазақстан Мәскеумен қарым-қатынастан толықтай бас тартып, алыстаған жоқ, тек қарым-қатынасты аздап әлсіретті деп есептейді. Олардың ойынша, елдің ірі көршімен жақсы қарым-қатынасты ұстанудан басқа амалы жоқ. "Қазақстанды Ресей мен Батыстың арасында таңдау жасауға мәжбүрлеу жанжалға әкелетін қауіпті қадам", − дейді аты-жөнін атамаған шенеунік басылымға берген сұхбатында.

Financial Times-тің талдауынша, Беларусьтен өзге посткеңестік кеңістіктегі елдерде Ресейдің қауіпсіздік кепілгері және ықпалды бітімгер ретіндегі рөлі айтарлықтай әлсіреп жатыр. Соңғы апталардағы оқиғалар Мәскеу бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының біртұтастығына сызат түскенін көрсетеді. Ұйымға мүше Армения қыркүйек айындағы Әзірбайжанмен қақтығыс кезінде ҰҚШҰ-дан көмек сұрады, алайда әскери көмек сол бойы көрсетілмеді. Ресейдің орнына бейбіт келіссөзді Франция мен Еуроодақ ұйымдастырып, ара ағайындық жасады.

Жақында ұйымға мүше Қырғызстан мен Тәжікстан шекарада қақтығысып қалды. Қырғызстан өткен аптада өз аумағында ҰҚШҰ-ның "Мызғымас бауырластық" әскери оқу-жаттығуын өткізуден бас тартты. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өткен аптада Путиннің 70 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері басшыларының бейресми жиынына бармады. Қыркүйекте Самарқандтағы Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммиті аясындағы өткен Путинмен кездесуге кешігіп барып, Ресей президентін күттіріп қойды.

Автор Қазақстан даулы мәлімдеме айтқан Украина елшісін елден шығару туралы Мәскеудің талабын орындамай, батыл қадамға барғанын келтіреді. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың мәлімдемесі екі елдің "тең құқылы стратегиялық серіктер ретіндегі одақтастық қатынастар сипатына қайшы" деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев Ресейді айналып өтетін бағыт арқылы мұнай экспорттау мәселесін пысықтауды тапсырды

Ресейдің оқшауда қалуы Қазақстанның экономикалық қарым-қатынасты әртараптандыруына жол ашып жатыр. Жыл басынан бері Ресей қазақ мұнайын Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысын төрт мәрте ішінара немесе толық тоқтатқан. Қазақстан мұнайды Ресейді айналып өтетін бағыттар арқылы экспорттайтын жолдарды іздестіріп жатыр.

Мәскеу Украинадағы соғыспен жүргенде аймақ елдері тәуелсіз бағыт ұстанып жатыр, бірақ сөйте тұра көршісін ашуландырып алмаудың амалын жасауда. "Ресеймен жұмыс істей береміз, бірақ келіссөздегі позициямыз күшейе түседі. Ойын ережесі өзгерді", − билікте шешім қабылдаушы топтарға жақын саясаттанушылардың бірі.

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеулері институтының директоры Марлен Ларуэль де Foreign Affairs басылымында шыққан мақалада Путиннің Украинадағы соғысы Мәскеудің Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі позициясын әлсіреткенін жазды. Зерттеуші Ресейдің аймақта әлсіреуі басқа ойыншылардың күшеюіне жол ашты деп есептейді. Әсіресе "жақында Самарқандта өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті Ресей президенті аймақта бұдан былай ең ықпалды көшбасшы емес, көп жетекшінің бірі ғана екенін, ал Қытай президенті Си Цзиньпин мен Түркия президенті Ердоған басты ықпалды басшыларға айналғанын көрсетті", − дейді Ларуэль.

Ресей экономикасы құлдыраған сайын Қытай аймақтағы ір инвестициясы мен инфрақұрылымды дамытудағы рөлі арта бермек. Түркия Кавказдағы бітімгерге айналды әрі бұл статусын кеңейтіп, бекіте түсу үшін Мәскеу мен Киевтің арасында ара ағайындық жасап жүр. АҚШ-қа келсек, Ларуэльдің жазуынша, элита мен қоғам оны сенімді емес серіктес деп қабылдайды. АҚШ-тың былтыр Ауғанстаннан кетуі мен оның салдары аймақ елдерінің есінде.

Автор Ресейдің әлсіреуі аймақтағы елдерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашса да, аймақта шиеленіс туындауы мүмкін деп есептейді. Қарабақтағы шиеленіс осыны көрсетеді. Ресей экономикасының құлдырауы Орталық Азия мен Арменияға әсер етеді. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Армения экономикасы белгілі бір дәрежеде Ресейде жұмыс істейтін еңбек мигранттарының ақша аударымдарына тәуелді. Ақша аударымдарының қысқаруы сол елдердегі халықтың әл-ауқатына теріс әсер етпек.

Ларуэльдің пайымдауынша, Ресей әлсірегенімен, әлі де аймақтағы маңызды держава болып қала береді. "Ресеймен арадағы әскери, экономикалық және халықтар арасындағы қарым-қатынас бір мезетте жойылып кетпей, сақтала береді. Ресейдің үстемдігі біртіндеп жойылуы мүмкін, бірақ оның орнын басатын тәртіп жүйесі әлі қалыптасқан жоқ".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ресейге мойынұсына бермеу керек". Саясаттанушы Астанадағы саммит жайлыДженнифер Брик Муртазашвили: Путин маңызы арта түскен Орталық Азиядан қолдау тапқысы келеді"Ресейге өкпелі". Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы елдерінің арасына жік түсті ме?Кремльдің Украинадағы "референдумы" және Орталық Азия елдерінің үнсіздігі