Қазақстанда АЭС салатын консорциумның жетекшісі анықталады. Ол АЭС қауіпсіздігі үшін жауап беретін болады. Бұл сөзді энергетика министрі Болат Ақшолақов 18 қазанда журналистер сұрағына жауап бергенде айтты.
Консорциумға Ресейдің "Росатом", Қытайдың China National Nuclear Corporation, Оңтүстік Кореяның KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) және Францияның EDF (Еlectricitе de France) компаниялары қатысады. Министр сөзінше, Қазақстан әзірге аталған төрт елдің қайсысының технологиясын алатынын таңдамаған.
"Жыл соңына дейін қараймыз. Есеп-қисабын шығарамыз, өйткені әр технологияның шығыны әртүрлі. Мұндай қуаты бар станция әлемде 10-12 миллиард долларға бағаланады" дейді энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Тамыздың соңында Қазақстан үкіметі Қазақстанда салынатын АЭС халықаралық жоба болатынын мәлімдеген. Сол айда Қазақстан делегациясы Түркияда салынып жатқан "Аккую" АЭС-іне барған.
Қыркүйектің басында Германияның атом қуатына қарсы тобы мен "Экоқорғау" ұйымы Еуропа одағын Ресейдің мемлекеттік "Росатом" компаниясына санкция салып, Ресейдің ядролық отынынан бас тартуға шақырған.
Бұған дейін "Росатом" Украинадағы соғысқа араласты, Запорожье облысындағы АЭС пен Чернобыль АЭС-і аумағына кірген Ресей әскеріне кеңес берді деген хабар тараған.
18 қазанда өткен Қазақстан үкіметінің отырысында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев АЭС салуға көп жыл жұмсалатындықтан, Қазақстанда таяу арада жылу электр станциясын салу қажет деп мәлімдеген. Осыған байланысты Екібастұзға жаңа ЖЭС салатын болған.
Қазақстан 2035 жылға дейін электр энергетикасы саласында жалпы сомасы 9 триллион теңгеге бағаланатын 14 жоба жүзеге асыруды көздеп отыр. Қыркүйекте "Самұрық-Қазына" Қазақстан АЭС құрылысының жобасын жүзеге асыруға кірісті деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қысым көрсету құралы". Тоқаев Ресей ұсынған АЭС-ті салуға неге асықты? ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үкімет АЭС Балқаш көлі маңында салынатынын айтты