ОСК Салтанат Тұрсынбекованы президенттікке үміткер ретінде тіркеп, кандидат куәлігін тапсырды

Салтанат Тұрысбекованың ОСК өкілінен кандидат куәлігін алған сәті. Астана, 20 қазан 2022 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған кандидат Салтанат Тұрсынбекованы кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркеді.

ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов Тұрсынбекова өткізген құжаттардың барлығы "сайлау заңнамасына сәйкес" екенін атап өтті.

ОСК-ның мәліметінше, Тұрсынбекованың сенімді өкілдері Қазақстанның 18 өңірінде 119 316 қол жинаған, 118 434-і жарамды танылған. Бұған дейін Тұрысбекованың тіл емтиханынан өткені хабарланған еді. Бейсенбі күні комиссия өкілдері оған кандидат куәлігін тапсырды.

20 қазанда Азаттық тілшісінің "салмақты оппонентіңіз Тоқаевтың қандай саясатымен келіспейсіз?" деген сұрағына Тұрсынбекова сәл кідіріп "осы мәселелердің барлығын үгіт-насихат басталған кезде талқылайық" деді.

"Олай болса, сайлауға не үшін түсіп жатсыз?" деген кезде Тұрсынбекова "көп жылдан бері көздеп келе жатқан бағдарламамдағы бағдарлар бар, соны жүзеге асыру мақсатында кандидат ретінде сайлауға түсіп жатырмын" деді.

Астана қалалық қоғамдық кеңес мүшесі 56 жастағы Салтанат Тұрсынбекова отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелерімен айналысатын "Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының жетекшісі. Тұрсынбекованы ресми ақпарат құралдары "құқық қорғаушы" ретінде таныстырған.

Тұрсынбекова әр жылдары жоғарғы сотта қызмет еткен, Қазақстан бас прокурорының аға көмекшісі, ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекшісі болған.

Салтанат Тұрсынбекова кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген екінші әйел. Бір күн бұрын ОСК кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынған кандидат Қарақат Әбденді куәгер ретінде тіркеген.

Бұған дейін ОСК кандидат куәлігін – "Ауыл" кандидаты Жигули Дайрабаев, "Аманат" кәсіпкерлер достастығы ұсынған Мейрам Қажыкен, "халықтық коалиция" кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған.

21 қазанда кешкі сағат 18.00-де елде сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталады. Ол 18 қарашаға дейін жалғасады. 19 қарашада – "тыныштық күні". Дауыс беру 20 қарашаға белгіленген. Президент жеті жылға сайланады. Парламент қыркүйекте қысқа уақыт аралығында Конституцияға түзетулер енгізіп, сол арқылы президенттікті бір реттік жеті жылмен шектейтін түзету күшіне енген. Көп сарапшы сайлаудың нәтижесі алдын ала анықталған деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ОСК Қарақат Әбденді президенттікке үміткер ретінде тіркедіЖазушы Алпамыс Бектұрғанов саяси қозғалысын тіркегенін мәлімдеді"Әділ сайлау орнатамыз". Тәуелсіз бақылаушылар сайлауға әзірлене бастадыТоқаевтың ойыны, реформа имитациясы және Назарбаев дәуірінің сценариі. Сайлау қарсаңындағы Қазақстан"Тағы да кезектен тыс". Қазақстан президентін сайлау күні белгіленді. Бұған дейінгі алты сайлау қалай өтті?