Қырғызстанда тағы екі банк ресейлік "Мир" төлем картасына қызмет көрсетуден бас тартты.
Ақпаратқа қарағанда, "Азия банк" және "Қырғызстанның коммерциялық банкі" Ресейдің бірқатар банктерімен әріптестікті тоқтатқан. "Азия банктің" колл-центрі бір апта бұрын "Мир" картасын қабылдаудан бас тартқанын жеткізді.
"Қырғызстанның коммерциялық банкі" "Мир" картасынан бас тартқанының себебін, Батыс елдері салған санкциямен байланыстырады.
Осыған дейін Қырғызстанның "Компаньон", "Дос-Кредобанк" және "Бакай банк" коммерциялық банктері "Мир" төлем картасын қабылдаудан бас тартқан.
АҚШ-тың қаржы министрлігі Ресейдің төлем жүйесіне қызмет көрсеткен үшінші елдерге де санкция салынатынын ескерткен. Осыдан кейін Түркия, Қазақстан және Вьетнам елдерінің бірқатар коммерциялық банктері "Мир" төлем картасын қабылдауды тоқтатқан.