"Медиазона" мен BBC Украинада қаза болған ресейлік 7822 әскери қызметкердің аты-жөнін анықтады

Бурятияда соғыста қаза болған солдатты жерлеп жатыр.

21 қазанға дейін Украинадағы соғыста ресейлік кемінде 7822 әскери қызметкер қаза болған. Опат болғандар туралы ақпаратты "Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметі жинақтады.

Қаза болғандардың 41-і – соңғы бір айдан астам уақытта мобилизацияланған ресейліктер. Өлген адамдардың едәуір бөлігі – соғыстан басқа жерлерде: оқу-жаттығу орталықтарында, полигонда, әскери бөлімдерде қайтыс болған.

Соғыста әсіресе Бурятия мен Дағыстаннан барған әскери қызметкерлер көп өлген. Зерттеуге сәйкес, опат болған солдаттардың көбі Ресейдің кедей облыстарынан шыққан. Жарты жыл ішінде Украинадағы соғыста Шешенстандағы екінші соғыста қаза болғандардан көп адам ажал құшқан.

21 қазанға дейін журналистер ресейлік 1200 офицер және күштік құрылым өкілінің өлгенін растай алды. Еріктілер отрядындағы адам шығыны соғыс басталғалы бері едәуір артқан.

Зерттеуде қаза болғаны жария түрде расталған адамдар жөнінде ғана айтылады. Журналистер адам өлімі мен жерлеу рәсімі туралы ашық ақпараттарға сүйенген: қаза болғандардың туыстарының хабарламасы, Ресей аймақтары мен жергілікті БАҚ-тағы хабарламаларды сараптаған. Зерттеу авторлары опат болғандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды. Журналистер із-түзсіз жоғалғандар мен тұтқынға түскендер жайлы ақпарат жинаған жоқ.

  • Ресей қорғаныс министрлігі соңғы рет адам шығыны туралы мәліметті мобилизация басталған күні – 21 қыркүйекте жариялаған. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың айтуынша, Украинадағы соғыста 5937 адам қаза болған. Британ барлау қызметі қыркүйекте Ресейдің соғыста 25 мың адамнан айырылғанын айтқан. Ал Украина қарулы күштері Ресей соғыста 60 мың адамын жоғалтты дейді.